Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдарының басшыларымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және қадағалау бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық прокуратурадағы басқарма бастығы Мерген Меңдіғалиевтің баяндамасына сәйкес Маңғыстауда соңғы уақытта 165 жасөспірім анықталып, есепке қойылды.
-Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін облыста бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Жыл басынан бері полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықтар үшін жеті мыңнан астам кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілді. Сонымен қатар ойын-сауық орындарында түнгі уақытта 91 құқық бұзушылық анықталды. 3891 ата-ана жауапкершілікке тартылды, - деп атап өтті Мерген Мендіғалиев.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырыстарында 215 ұсыным әзірленді, қылмыс жасаған және заңды бұзған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты заңды шешімдер қабылданды.
Комиссия жұмысының нәтижесінде жасөспірім балаларын тәрбиелеуге немқұрайлы қараған 59 ата-ана құқығынан айырылды, оның ішінде 5-і уақытша құқықтарымен шектелді. Олардың балалары басқа заңды өкілдердің қамқорлығына алынды. Сонымен қатар қайталанған құқық бұзушылықтарға байланысты 5 жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектепке жіберілді. 236 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Сондай-ақ МО ТЖД бастығы Мұрат Мұханов баяндама жасады. Маңғыстау облысы бойынша Департаменттің есебінде барлығы 595 білім беру ұйымы (жоғары оқу орындарын қоса алғанда) бар.
Биылғы жылға 181 білім беру ұйымын тексеру жоспарланған, оның ішінде профилактикалық бақылаумен 172 нысан қамтылған. Заң бұзушылықтар анықталған барлық білім беру ұйымдарының басшыларына оларды жою мерзімдері көрсетілген нұсқамалар берілді.
Нұрлан Ноғаев қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу екенін атап өтті.
- Балалардың білімі мен тәрбиесіне барлығымыз жауаптымыз. Ұрпақ тәрбиелеуде мектеп, ата-ана, қоғам жан жақты жұмылуымыз маңызды. Аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде тиісті органдармен бірге ұйымдастыру қажет. Бұл жолда ұстаздардың еңбегін атап өтпеуге болмайды. Аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде білімін көрсетіп жатқан оқушылар мен ұстаздар бар. Атқарылған жұмыстар көп, дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Осыған байланысты мен осы бағыттағы бақылауды күшейтуді және құқық бұзушылықтың алдын алуға көбірек көңіл бөлуді тапсырамын. Біздің міндетіміз - салдармен күресіп қана қоймай, жасөспірімдердің дұрыс емес жолды таңдауының себептерін іздеу, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.