Ақтау қаласы әкімдігінде тұрғын-үйлердегі қауіпсіздікті сақтау бойынша штаб отырысы өтті. Жиында пәтер иелерінің улау жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік мәселесі талқыланды, mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жиналысқа қалалық прокуратура, тұрғын-үй инспекциясы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, «МАЭК» ЖШС, «Маңғыстау-ЕРЦ» ЖШС және Ақтау қаласы бойынша мүлік иелері бірлестігінің өкілдері мен жай серіктестік, пәтер иелері кооперативі, басқарушы компания басшылары қатысты. Күн тәртібінде пәтерде улау жұмыстарын жүргізу кезіндегі қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Ақтау қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Нұрат Саматовтың айтуынша, тұрғындар пәтерінде улау жұмыстарын жүргізбес бұрын көршілеріне ескертуі шарт.
- Тұрғындар пәтеріне улау жұмыстарын жүргізбес бұрын көршілеріне, қызмет көрсетуші мекеме өкілдеріне ескертуі қажет. Мүлік иелері бірлестігі, пәтер иелері кооперативі қайғылы оқиғалардың алдын-алу мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізулері қажет. Тұрғындар пәтерінде улау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандандырылған мекемелерге жүгінгендері жөн, - деді Ақтау қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Нұрат Саматов.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, жалпы Ақтауда ғимараттар мен тұрғын үйлерге дезинфекция жасайтын 8 мекеме бар.