Маңғыстауда Адай жылқысы асыл тұқымды ретінде тану, ресми мәртебе алу мақсатында 100 шақырымдық ұзақ қашықтықта ат жарысынан «Маңғыстау облысы әкімінің кубогы» халықаралық турнирі өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясы РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Орынбасар Құлбеков мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша,ауқымды аламан бәйгенің басты діттегені — «Адай» жылқысын ұлттық бренд ретінде әлемге әйгілі ету, дүние-дидарына дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу.
- Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес асыл тұқымды Адай жылқысын бағзыдан қалған таза табиғи тек ретінде ұлттық брендке айналдыру мақсаты көзделіп келеді. Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаев 7 қыркүйек күні жиында осы мәселені жіті тапсырған еді. Осындай ат жарыс 2011-2015 жылдар аралығында өтті, одан кейін 2022-2023 жылы «Ұлы дала жорығы» жарысында жалғасын тапты. 3-4 қараша күндері өтетін турнирге Қостанайдан, Ақтөбеден, Жетісу, Алматыдан, Өскеменнен шабандоздар қатысады. Шашауына шаң жұқпас 30-дан аса жүйрік желмен жүйіткиді. Бәйгеге ат қосу 2 қарашаға дейін жалғасады. Жарыс 4 кезеңнен тұрады. Шабандоздар бірінші және екінші айналымда 30 шақырымдық қашықтықты шауып өтсе, үшінші және төртінші айналымда 20 шақырым қашықтықты еңсереді. Әр айналымнан кейін тұлпарлардың жай-күйі қатаң тексеріледі,- деді Орынбасар Құлбеков.
Ауқымды іс-шараға Біріккен Араб Әмірлігінен 6 төреші келеді. Сонымен қатар араб елінен арнайы ат шалдырып келген шабандоз маңғыстаулық арғымақтарды байқап көрмек. Шабандоздарға қойылатын талаптың бірі - дене салмағы 70 келіден кем болмауы тиіс. Басында арнайы каскасы және жалпақ үзеңгісі, өкшелі етігі болуы талап етілмек. Сонымен қатар жасы 18-ден асқан болуы шарт. Шабандоздар бәйге алды тіркеуден өтіп, жылқы паспортын көрсетуге міндеттеледі.
Сонымен қатар спикер жүлде қоры бірден берілмейтінін ескертті. Өйткені бұндағы басты мақсат – «Адай» жылқысының мәртебесін алу. Сол себепті тұлпар әр түрлі тексерістен өткеннен кейін ғана жүлде әділ түрде шетелдік сарапшылардың шешімімен беріледі.
- Бұл турнирге кіру – тегін. Іс-шара 4 қараша сағат 8:00-де Кендірлі демалыс аумағында басталады. Ал салтанатты ашылу рәсімі сағат 12:00-де өтеді. «Жаңаөзен-Кендірлі» бағытында таңғы уақытта автобустар жүреді. Тарихи сәтті бірге тамашалауға ұлттық спорт жанашыларын шақырамыз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін,- деді Орынбасар Құлбеков.