Маңғыстау облысында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелден әкелген көліктерді заңдастыру рәсімі жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Армяния, Ресей, Қырғызстан және басқа да шетелдік нөмір таққан көліктерді ресми түрде тіркеуге Президент өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында айтқан болатын. Ол үшін шетелден көлік әкелген ел азаматтарды тиісті құжаттарын тапсырып, рәсімдеуден өткізуіне толық мүмкіндігі бар.
Маңғыстау облыстық ПД хабарлауынша, 23 қаңтардан бері 1 177 көлік мемлекеттік нөмірді алып үлгерген.
- 2023 жылғы 14 ақпан сағат 09.00-дегі мәліметке сай Маңғыстау облысында шетелдік автомобильдерді тіркеу науқаны бойынша 1177 автокөлік тіркеуден өтті. Автокөлікті заңдастыруға қатысты барлық мәселелер мен сұрақтар бойынша жұмыс уақытында 8 (7292) 47-45-69 телефоны бойынша МО ПД Процессинг орталығына хабарласуға болады, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтау тұрғыны Инара Әукенова 2021 жылы Армениядан әкелген көлікті сатып алған. Өзінің айтуынша, бастапқа иесі өңірдің тұрғыны. Кейін ол елде уақытша тіркеуден өткізіп, арнайы көлік нөмірін алған.
ҚР Президенінің жолдауында шетелдік тіркеудегі көліктерге мемлекеттік нөмір беру туралы айтқанда, Инара жұбайы Мансар екеуі қатты қуанғанын айтады.
«Мемлекеттік тіркеу бойынша қазақстандық нөмір алғанымызға қуаныштымын. Көліктік Армениядан ақтаулық басқа адам әкеліп, өзі жүргізген. Біз заңдастырғанша көлік сол кісінің атында болды. Өткенде тиісті құжаттарды жіберіп, 200 мың теңге төледік. Базаға тиісті деректердің дұрыс толтырылмауы салдарынан 20 күндей күттік. Алайда апта басында мемлекеттік нөмір алдық. Өте қуанышымыз. Енді көлікті емін-еркін пайдаланып, қалаған уақытта сата аламыз», - деді Инара Әукенова.
Армения секілді алыс-жақын шетелден жеткізілген көліктерді кеден бекетінен өткенде және тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеуге қоймаса заңдастыру кезінде қиындықтар туындайтынын айтқан Есіл Жабағин біраз қиындықтар туындағанын атады. Ол көлікті армениялық азаматтан сатып алғаннан кейін өз атына рәсімдемегенімен Ақтауға әкелген соң тіркеуге қоймаған. Енді армениядағы иесі арқылы сол жақтан есептен шығарып, араға уақыт салып мемлекеттік нөмірді аламын деген үміті бар.
Көлігім Ақтауда тіркеуге алынбады. Заңды түрде сатып алдым. Енді мемлекеттік нөмір алуым үшін Арменияға баруым керек. Ол да қалтаға салмақ түсіреді, артық шығын болғалы тұр. Делдалдарға тапсырайын десем олар да аз ақша сұрамайды. Сондықтан, Ереванға баратын таныстарға шаруамды тапсырамын деп отырмын, - дейді Есіл Жабағин.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы” Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Маңғыстау облыстық филиалының хабарлауынша Маңғыстау облысына бойынша алты мыңнан аса көлік иесі мемлекеттік нөмір алуға өтінім білдірген.
«Облыс бойынша Egov арқылы 6 212 көлік өтінім жолданды. Олардың арасында 1 273 көлік иесі оң жауап алған. Сонымен қоса, 1 140 мемлекеттік нөмір алу бойынша құжат тапсырса, 133 көлік иесіне түрлі жағдайға байланысты нөмір берілмеді. Яғни, құжаттары кері қайтарылды, - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ МОФ директорының орынбасары Талғат Накишев.
Жалпы, 2019 жылдан бері Қазақстанға шетелден 122 мың автокөлік жеткізілген. Олардың көпшілігі тіркелмеген. 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру 1 шілдесіне дейін жүргізіледі деп күтіліп отыр.
Заңғар АМАНКЕЛДІ