Ақтауда 20 қараша күні достық үйінде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кеште ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының иелері, кәсіпкерлер мен сала ардагерлері, сондай-ақ қайта өңдеу өнеркәсібінің қызметкерлері жиналды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында ерекше еңбегімен еленген сала өкілдері "Еңбек ардагері" медалімен , ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға өз атынан алғыс хат табыс етті.
"Ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына маңызды міндеттер қойды. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамыту, заманауи агротехнологиялар мен инновацияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының тозу проблемасын шешу, сондай-ақ елдегі өндірісті оқшаулау әлеуетін зерделеу және әлемдік тәжірибені ескере отырып, минералдану арқылы топырақтың құнарлылығын жақсарту кіреді. Біздің өңірдің ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамытуда
әлеуетті жоғары. Көптеген жерлесіміз мал шаруашылығымен айналысады, әсіресе, бізде түйе шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінгі кәсіби мереке мал шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін адамдарды бір мүддеге біріктіреді. Олардың адал еңбегі мен күш-жігері тұтас еліміз бен өңірімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Биыл Маңғыстау ауыл шаруашылығы қызметкерлері 21,4 млрд теңге сомаға өнім өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артық. Мал шаруашылығында өндіріс көлемі 8,5%-ға өсті. Осы жылдың 10 айында салаға 1 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Азық-түлік қоймаларын, жылыжай құрылысын, ет өңдеу комбинатын және өнімді консервациялау жобаларын қоса алғанда төрт маңызды жоба жүзеге асырылды. Осы бастамалардың арқасында 80-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңірде өсімдік шаруашылығында көкөніс және бақша дақылдарын өсіруге ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы жылы 4 жылыжай кешенінің құрылысын қоса алғанда, 2,2 млрд долларға 5 жоба салу жоспарлануда.