Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Малика Исбасар комикс салуды жақында ғана бастады. Дегенмен ол бала кезінен сурет салуға құмар. Мектеп оқушысының айтуынша, сұндай суреттер балалардың оқуға ынтасын арттырады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Он төрт жасар Малика мектепте оқыған шығармаларының ішінен бірін таңдап, сол бойынша комикс салады. Мысалы Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» повесі бойынша құрылған комикстердің бірі:
«Он жасар баласымен даладан қайтып келе жатқан әке жолдан ескі тақаны көріп, баласына:
- Мына тағаны ал.
– Маған ескі, сынық тақа не керек? – деп жауап берді ұлы.
Әкесі оған ештеңе демей, тақаны өзі көтеріп, әрі қарай жүре берді.
Олар ұсталар жұмыс істейтін қаланың шетіне жеткенде, әкесі жаңағы тақаны үш тиынға сатты.
⠀
Тағы біраз жүргеннен кейін олар шие сататын саудагерлерді көрді. Әкесі тақаға алған үш тиынды пайдаланып, олардан көп шие сатып алып, орамалға орап, баласына қарамай жолын жалғастырып, бір-бірден жеп келеді. Әкесінің артында келе жатқан бала да шие женісі келіп, әкесіне ұмтыла қарайды. Екеуі біраз жол жүргеннен кейін әкесінің қолынан бір шие жерге түсіп кетеді. Сол сәтте баласы тез еңкейіп, оны көтеріп жейді. Біраз уақыттан кейін әке тағы бір шиені түсіріп алады. Сапар жалғасқан сайын, әкесінің қолынан бір-бірден шие түсе береді. Бала құлаған әр шиені теріп, жеуін тоқтатпайды. Ақыры әкесі тоқтап, баласына шие салынған орамалды береді де:
-Көрдің бе, сен ескі тағаны алу үшін бір рет еңкеюге ерініп едің. Ал сол тақаның ақысына алынған шиені алу үшін он рет еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын, жеңіл жұмысты ауыр деп есептесең, одан да қиын жұмыс кездеседі. Кішіге қанағат етпесең, үлкеннен айырыласың,- дейді.
Оқушы қыз осы секілді әңгімелерге қазақ тілінде комикс жасайды. Комикс салу үшін, мысалы, мұндай қысқа әңгіме, орта есеппен 1 аптаға созылады. Комикстердің өзі шамамен 10 бетті алады.
Малика бала кезінен сурет салып, көркемсурет мектептері мен студияларында оқығанын айтады. Сондай-ақ жас суретшінің фантастикалық жанрдағы өз оқиғасы бойынша да комикстері бар.
«Менің комиксім мектепте физикаға қызығатын бала жайында. Оқушы бала есейіп, ғарышкер болады және кездейсоқ физика заңдары қолданылмайтын басқа әлемге тап болады. Комикс оның үйге қалай оралғаны туралы өрбиді», - дейді Малика Исбасар.
НЗМ өз журналын шығарады, онда оқушы қыздың комикстері басылып үлгерген. Оқушының айтуынша, оның комикстерін оқығандар әрқашан мақтап, қызығушылық танытады. Жас автор қазіргі таңда осы хоббиін әрі дамытып, жалғастыруды жоспарлап отыр. Ендігі мақсаты – комедия немесе махаббат жанрындағы әңгіме желісі аясында комикс салу.
Қазір Малика 7-сынып оқушысы, ол болашақта нейрохирург болуды армандайды.