Маңғыстауда ірі мұнай-газ кәсіпорындары шығарындыларының жалпы үлесі - 45 %. Соған қарамастан өңірдегі экологиялық жағдай тұрақты болып қалады. Бұл туралы бүгін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев облыс тұрғындары және үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір тұрғындарын бұрынғы Ақтау пластмасса зауыты аумағында орналасқан иесіз қалған химиялық қалдықтар, материалдар, реагенттер мен шикізаттар және Қаратұрын Шығыс кен орнындағы №303 ұңғыманың жануы сынды проблемалар алаңдатып отыр.
Осы орайда бірінші мәселе бойынша тексеру жүргізіліп, оларды жою үшін бюджет қаражаты бөлінді. Оны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ұңғыма жануы бойынша экология департаментінің мамандары аталған аумаққа шығып, атмосфералық ауаның ластаушы заттардың тұтануы кезінде өлшеуін жүргізді.
Министр Ерлан Нысанбаев облыста қалдықтарды басқару инфрақұрылымы нашар дамығанын, ҚТҚ полигондарының нормаға сәйкес еместігін атап өтті. Бұл өз кезегігде рұқсат етілмеген полигондар санының өсуіне әсер етті.
Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша құрылған ҚТҚ көлемі биыл 9 айда шамамен 109,5 мың тоннаға жеткен. Ал оның тек 31% ғана сұрыпталды. Облыста қоқыс өңдейтін кәсіпорындар жоқ. 23 полигон мен ҚТҚ үйінділерінің тек 7-сі ғана экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келеді, бұл 32% көрсетіп тұр. Мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, сыйақы мөлшерлемесі 3% болатын қалдықтарды басқару саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігі әзірленді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 3 жылдан 15 жылға дейін қарыз жасау мерзімі, жобаларға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері шамамен 3 жылға 200 млрд. теңге. Үкімет қаулысының тиісті жобасы мемлекеттік органдармен келісуге жолданған.
Сондай-ақ ведомство басшысы облыстың орман және балық шаруашылығын дамыту мәселелерін қозғады. Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру барысын және балық шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.