Маңғыстау облысында полицейлер бір аптада алаяқтық әрекетіне қатысты екі деректі анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жұмысқа орналастыру үшін уәдені үйіп-төккен жаңаөзендік азаматша тұрғындарды 1 миллионнан астам теңге ақшаны алып, кейін алдап кеткен. Оның ақшаны алып, ұшты-күйлі жоғалуынан кейін тұрғындар полицияға арызданды. Алаяқтық іс-әрекетке барған азаматша жәбірленушілердің біріне мұнай саласына орналастырамын десе, енді бірі балабақшаға жоғары лауазымды қызметке жұмысқа кіремін деп үміттенген. Алаяққа алданып қалған тұрғындар 1 миллион 220 000 теңге ақшасынан айырылған.
Іздестіру кезінде криминалдық полицейлермен күдіктінің жеке басы анықталып, 43 жастағы әйел азаматша ұсталды.
Осыған ұқсас алаяқтық әрекет Ақтауда тіркелді. Қала тұрғыны қайтарымсыз несие алып беремін деп, кейін уәдесін орындамаған азаматшаға қатысты полицияға арызбен жүгінді. Жәбірленушінің сөзінше, алаяқ одан 192 000 теңге көлемінде қаржысын иемденіп кеткен.
Қазір күдіктінің жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Алаяқтық әрекеті бойынша қос оқиға дерегі бойынша ҚР қылмыстық кодекстің190-бабымен (алаяқтық) тіркеуге алынған.
Осы орайда полиция облыс тұрғындары мен қонақтарынан сенімсіз есепшоттарға қаражат аудармауды және алаяқтың құрбаны болмас үшін аса сақ болуды сұрайды.