© astanatv.kz
2023 жылы 104 959 тұрғын жол қозғалысы ережесін бұзған. Оның ішінде жол ережелерін өрескел бұзу дерегі бойынша 46 058 әкімшілік хаттама толтырылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД сілтеме жасап.
Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар – қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер де жол ережесін жиі бұзған.
Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) бойынша 22 543 хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) бойынша 10 607 хаттама жасақталды. Ал жолды тиісті емес жерден өтіп, өміріне қауіп төндірген 10 331 жаяу жүргінші жауапқа тартылды.
Сонымен қатар бір жылда 1000-ға жуық жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарған. 1 518 жүргізушінің жаяу жүргіншілерге немесе жол қозғалысының өзге де қатысушыларына жол бермегені анықталды.