Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бауыржан Елемесов Маңғыстау облысының соттарында 2022 жылы 1757 тұлғаға қатысты 1525 іс қаралған. Оның ішінде 1322 тұлғаға қатысты 1182 қылмыстық іс үкім шығарылса, ал, он тұлғаға қатысты ақтау үкімі кесілгендігін мәлімдеді, деп хабарлады mangystaumedia.kz ҚКО-на сілтеме жасап.
Оның сөзіне сүйенсек, онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 2022 жылы сотталғандар саны - 1312 болса, оның ішінде бас бостандығынан айырылғандар саны – 383 құраған.
Қылмыс санаттары бойынша айтатын болса, онша ауыр емес санаттағы қылмыс жасағаны үшін 114 тұлға сотталып, оның ішінде 20-на бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал, ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасағаны үшін 194 тұлға сотталып, оның ішінде 34-не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сондай ақ, ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша 520 тұлға сотталып, оның 276-на бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, аса ауыр қылмыстар бойынша 53 тұлға сотталып, 53-не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
- 2022 жылы өңірде сотталған әйел адамдар саны – 124 болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 жағдайға азайған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сотталғандар саны - 28, есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сатуға байланысты сотталғандар саны – 26 құрады, дейді Бауыржан Елемесов.
Спикердің айтуынша, облыс бойынша кейбір қылмыс түрлері азайып келеді. Мәселен, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бес жағдайға төмендеп 7 құраса, ал бұзақылық он төрт жағдайға азайып, 33 көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру жағдайлары да төмендеген. Өткен жылы 29 жағдайға төмендеп, 63 құрап отыр.
- 2022 жылы аудандық және оған теңестірілген соттарда процестік келісім бойынша барлығы 29 қылмыстық іс қаралды. Айыппұл жазасы барлығы -164 тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша тағайындалды. Бүгінгі күні тағайындалған қылмыстық ісі бойынша олардан 103 049601 теңге айыппұл соммасы төленіп, орындалды, - дейді Бауыржан Елемесов.