ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау мәселелері қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысты аша отырып, Үкімет басшысы 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдарды сапалы салу мен реконструкциялау міндеті қойылғанын атап өтті.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндады.
Оның айтуынша, биыл 11 мың шақырым автомобиль жолдары, оның ішінде 7 мың шақырым республикалық желі жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бүгінгі таңда 70 мың шақырым жергілікті желінің 85%-ы – нормативтік жағдайда. Жамбыл (97%), Маңғыстау (96%) және Павлодар (91%) облыстарында жергілікті жолдардың жай-күйі жақсы, 3 өңірде көрсеткіштер орташадан төмен: Батыс Қазақстан (46%), Ақтөбе (72%) және Атырау (72%) облыстарында.
Бұдан басқа, министрлік 2024-2030 жылдары халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарта отырып, жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын жаңа жол жобаларын іске асыруды пысықтап жатыр. Атап айтқанда, «Жезказған – Қараганды» – 513 км, «Астана – Костанай – РФ шекарасы» – 830 км, «Бейнеу – Шалқар» – 515 км, «Атырау – Доссор» – 86 км, «Қызылорда – Ақтөбе» – 1 101 км, «Актобе – Орал» – 628 км.
Премьер-Министр жолдардың жай-күйі мен көлік инфрақұрылымы ішкі және сыртқы сауданы дамытудың маңызды факторлары екенін атап өтті.