Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Маңғыстау облысында Репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Осыған орай облыста “Ерте жүктіліктің алдын алу және Репродуктивті денсаулық” тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Бибігүл Ағыбаева, Азиза Шөжеева, Медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог Сабира Кульчимбаева, мемлекеттік мекемелердің, денсаулық, білім салаларының, үкіметтік емес ұйымдардың, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының өкілдері қатысты.
Жиынды Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия мүшесі Жақсыгүл Маханбетова жүргізді.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Звира Есбергенова Алғы сөзді «Ұлт тағдыры - бүгіннен» тақырыбымен бастады.
- Біз бүгін міне ауқымды шараға жиналып отырмыз. “Репродуктивті денсаулық және ерте жүктіліктің алдын алу” тақырыбы. Иә, ерте жүктілік бойынша өңірдегі статистика көңіл көншітпейді. Бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана үйде баласымен күніне уақыт бөліп сөйлесу қажет. Жалпы сала мамандары, қоғам өкілдері, білім, денсаулық өкілдері жасөспірімдерге түсіндіру жұмысын көбейтуіміз керек. Себебі ерте жүктіліктің салдары, денсаулықтың нашарлауына, жұқпалы ауруларға, түрлі сырқаттарға алып келуі мүмкін. «Ұлт тағдыры - бүгіннен» Сондықтан ауыл, аудан, қаладағы өсіп келе жатқан жасөспірім жастарға маңызды мәліметтерді айтып, көбірек ақпараттық түсіндіру жұмысын күшейту керек деп есептеймін,-деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген спикерлер Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия мүшесі Ғалия Махимова, «Айрық» қоғамдық қорының директоры Ағлен Таласбаева, МО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гинеколог-ювенолог Айжан Алипанова, МО көпбейінді ауруханасының уролог-андролог дәрігері Асқар Бекарыс атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
МО Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия мүшесі Ғалия Махимова "Өңір жасөспірімдеріне және фертильді жастағы әйелдерге медициналық көмек көрсету" тақырыбында сөз қозғады. МО Денсаулық басқармасының штаттан тыс бас гинеколог-ювенологы, «Ана мен бала» перинаталдық орталығының дәрігер гинекологы Айжан Алипанова "МО жасөспірім қыздарға амбулаторлық деңгейде медициналық көмек көрсетудегі жақсарту" жұмысының барысын айтты. МО көпбейінді ауруханасының уролог-андролог дәрігері Асқар Бекарыс «Жасөспірім ер балалардың және жастардың денсаулығы басты назарда» тақырыбында сөз сөйледі. «Айрық» қоғамдық қорының директоры Ағлен Таласбаева "Қыз -қылығымен көрікті" тақырыбында дөңгелек үстелді қорытындылады.
Қазақ қашан да қыз баланың тәрбиесіне басым мән берген. Өйткені қызды тәрбиелеу дегеніміз – тұтас ұлтты тәрбиелеу.
Осы және өзге де сауалдар аясында Маңғыстау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия отырысында жан-жақты айтылды.
Тақырып сектор жоспарына енгізіліп, кездесу сағаттары қала мектептерінен бастау алып, қалалық, аудандық комиссиялардың жұмысымен жалғасады. Колледждер мен жоғары оқу орындары да назардан тыс қалмай, қамтылатын болады.
Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдер мен қыз балалар денсаулығын жақсарту туралы ақыл-кеңестер беру. Сонымен қатар ерте жүктіліктің алдын алу, болашақ аналардың балалы болуы туралы арнайы мамандармен кездесу.
Жиын соңында комиссия мүшелері жиынға қатысушылармен пікір алмасып, атқарылған жұмыстардың санынан бұрын сапасына басты назар аудару қажеттігін де атап айтты.