Ақтауда ауыз су мәселесін шешу мақсатында 6 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы тұрғындармен кездесуде Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Ақтау қаласын «МАЭК» ЖШС жазғы маусымда тәулігіне шамамен 52 000 м3 ауыз сумен қамтамасыз етеді. Жаз айларында қосымша қажетті ауыз су көлемі шамамен 20-25 мың м3 құрайды.
-Ақтау қаласының ауыз су тапшылығын жою бағытында 6 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында «Каспий» су тұщыту зауытын тәулігіне 20 000 м3 тан 40 000 м3–қа дейін кеңейту» жобасы бар. Бұл жоба іске асырылғаннан кейін, Ақтау қаласына жаз мезгілінде тәулігіне қосымша 6 000 м3 ауыз су беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, жеке инвестор көмегімен «Алека» ЖШС тарапынан қуаттылығы тәулігіне 4 000 м3 су тұщыту қондырғысын орнату» жобасы жүзеге асырылып, маусым айында іске қосылды. Ал «МАЭК» ЖШС «ОСЖТ-2» аумағында өнімділігі тәулігіне 6 000 текше метр су тұщыту қондырғыларын салу» жобасын іске қосу жұмыстары осы жылдың шілде айы деп жоспарланған. Ауыз су мәселесін шешу бағытындағы жобарлардың бірі - «МАЭК» ЖШС-де қуаттылығы тәулігіне 4 000 текше метр дистилляциялық тұщыландыру қондырғылары (ДТҚ) жабдығын ауыстыру». Аталған жобаны 2025 жылдың I жартыжылдығында іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, жеке инвестор «СК-А-Строй» ЖШС есебінен «Ақтау қаласында су тұшыту зауытының құрылысын салу». Аталған жоба аясында су тұшыту зауыты жыл соңында тәулігіне 3 500 м3 ауыз су өндіріп, биылғы жылдың шілде айында зауыт қуатын тәулігіне 7 000 м3 дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, «МАЭК» ЖШС аумағында кері осмос қолдану арқылы тәулігіне 24 000 текше метр су өндіру қондырғыларын салу» жобасына тиісті түзетулер енгізілуде, - деді Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали.