Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, мемлекеттік органдарға түскен өтініштер саны өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 63% пайызға өскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Азаматтардың жолданымдары бойынша ең көп мазалайтын мәселері – жерді пайдалану, жұмыспен қамту, мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне шағымдану, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселесі. Бұл мәселелердің өзектілігі жылдан жылға қайталануда, осыған байланысты әкімдікке оларды шешудің кешенді тәсілін әзірлеу талап етіледі. Облыс әкімдігі осы мәселерді талдап, оларды шешу үшін нақты шаралар әзірлеп, қоғамның мүдделеріне сүйене отырып жұмысты түзетуі қажет деп санаймыз. Департаментпен жүргізілген талдау нәтижелері азаматтардың өтініштерін қарау кезінде олардың құқықтарының жүйелі түрде бұзылуын көрсетеді. Талдау нәтижесімен мыңнан астам түрлі бұзушылықтар анықталды, соның ішінде жолданымдарды қарау мерзімдерінің сақталмауы, уақтылы басқа органдарға жолдамау, тыңдау рәсімін өткізбеу, әкімшілік акт бойынша шешім дұрыс таңдамау және тағы басқа да мемлекеттік құқықтық статистиканы бұрмалаулар, - деді департамент мамандары.
Департаменттің мәліметінше, жергілікті атқарушы орган өтініш берушінің жолданымына мүлдем жауап бермей, лауазымды тұлғалардың шешімдеріне және іс-әрекеттеріне шағымданып сот шешімімен қанағаттандырылған фактілер орын алған.