Шетпе ауылында халыққа қажетті кейбір қызмет түрлерін бір орталыққа шоғырландыру мақсатында жаңа жәрмеңке алаңы бой көтерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңадан дайындалып жатқан жәрмеңке алаңы Шетпе ауылындағы бұрынғы мұнай базасының алдында орналасқан. Бұған дейін алаңға асфальт жабындысы төселген. Енді сауда жасауға арналған сөрелер (прилавка) құрастырылып қойылып жатыр. Алаң жиектеріне қойылатын көлеңкелі сөрелер 40 орындық болады. Тауар ұсынушы автокөліктерге алаңның сыртқы жиектерінен орын дайындалып жатыр.
«Алдағы уақытта жеңіл көліктер үшін такси тұрағын ұйымдастыру қолға алынбақшы. Шетпе-Ақтау-Шетпе бағыты жолаушылар тасымалына (автобус) жауапты компания жолаушыларға қолайлы жағдай болуы үшін күту залы мен билет сататын орынды жеңіл конструкциядан жасап осында ауыстырады. Сонымен қатар алаңға көпшілік мерекелік шаралар өткізу үшін сахна қойылатын болады», - деп жазылған аудан әкімдігі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, осыған дейін арнайы жәрмеңке орыны белгіленбей, санитарлық талапқа сай емес жерлерде өткізіліп келсе, тұрақты такси тұрағы болмай такси қызметін ұсынушылар 2-3 жерде өз бетімен тұрған. Сондай-ақ көпшілік-мерекелік шаралар да әр жерде өткізіліп келген.
Аудан әкімдігі болашақта алаңдағы жаңа салынған сөрелерде кәсіпкерлер мен тұрғындарға ауылшаруашылық, басқа да өз өнімдерін сатуына ыңғайлы жағдай жасалатынын айтты. Таксилер мен қалаға қатынайтын автобус тұрағының бір жерде орналасуы жол жүретін жолаушылар үшін тиімді болмақ. Ал, концерттік шаралар өтетін сахна тұрғын үйлерден қашықтау алаңда болуы да қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізеді.