ҚР қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзғаны үшін облыстың 17 нотариусына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214 бабының 8 бөлігімен хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы Әділет департаментінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Департамент өкілдерінің сөзінше, былтыр 1 жылдың қорытындысы бойынша заң талаптарын өрескел және бірнеше рет бұзған нотариус Салтанат Амангелдиева лицензиясынан сот тәртібімен айырылды. Заң бұзушылыққа жол берген нотариус Әйгерім Есенгелдинова лицензиясының қолданысы уақытша тоқтатылды.
«Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында өз өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін нотариус С.Кушниренкоға қатысты қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, заң көмегін көрсету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаған адвокаттар Есенжолов Исабай мен Василега Татьянаның лицензиясының қолданысы уақытша тоқтатылды.
ҚР «Нотариат туралы» Заңының 19-бабының талаптарына сәйкес, Әдiлет органдары заң көмегін ұйымдастыру және көрсету саласында адвокаттар мен нотариустарға лицензиялар беру, оларды тоқтата тұру және тоқтату функцияларын жүзеге асырады.
Нәтижесінде мемлекет пайдасына 4 692 000 теңге (80АЕК=276 000тг*17=4 692 000) көлемінде айыппұл өндірілді» - деп жазылған хабарламада.