Қазақстан – демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы. Ешкімді жынысына қарай кемсітуге болмайды, әркімнің жеке бас бостандығына құқығы бар, - делінген Қазақстан Республикасының Конституциясында. Дегенмен, қазіргі заманда заңға қайшы келетін салт-дәстүрлер бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қыз алып қашу» дәстүрі бұрыннан бар. Дәстүрдің шынайы мәні бүгінде адамды ұрлауды емес, ғашықтардың келісіммен бас қосуын меңзейді. Көбінесе ата-аналар неке қиюға қарсы болып жатады, материалдық себептерге байланысты келісім бермейтіндер де бар, бұл дәстүрдің күні бүгінге дейін жалғасуына басты себеп — осы.
Ата-бабамыздың заманында, көбінесе байлар балаларына жұп таңдағанда өзіндік қатып қалған қағидалары болған. Кейде қыздар сүймейтін адамдарына тұрмысқа шығуға да мәжбүр болып жатты. Мұндай жағдайда кейбір жігіттер ата-ананың айтқанына қарсы келіп, сүйгенін ұрлап кететін болған. Заман өзгерді. Бүгінде «Қыз алып қашу» дәстүрі басқа сипатқа ие болды. Мен тіпті мұны қылмыстық іс деп айтар едім.
Әдетте, мұндай әрекеттерді тек үйленуге шешім қабылдаған адам ғана емес, сонымен бірге оның достары мен туыстары, яғни алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы ұйымдастырады. Ұрлаушының отбасы үйінде қызбен кездесіп, қалуға көндіреді, егде жастағы әйелдер босағаға жатып алады. Ал қыздар қашып шығу үшін оларды аттап өтуге мәжбүр болады. Десе де көбі ата-анасын ойлап, босағадағы әжеден аттап кете алмай, еріксіз қалып қояды.
ҚР-ның Қылмыстық кодексінде «Адам ұрлау» бабы бар. «Қыз алып қашу» дәстүрі адам құқықтарын, бостандығы мен теңдіктің негізгі қағидаларына қол сұғу болып табылады.
«Мұндай қылмысты жасағаны үшін кінәлі төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі (ҚР ҚК 125-бабының 1-бөлігі). Егер жоғарыда аталған қылмысты адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша жасаса, кінәлілердің мүлкі тәркіленеді немесе жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін (ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігінің 1. тармағы) Сонымен қатар жоғарыда аталған бапта «Ұрланған адамды өз еркімен босатқан адам, егер оның іс-әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады».
Яғни, ұрланған адам некеге тұруға келісімін бермесе («Қыз алып қашу» дәстүрі бойынша), онда оны ұрлау қылмыстық құқықбұзушылық болып есептеледі. Неке қию мақсатындағы «Қыз алып қашу» дәстүрі ел ішінде кең тараған. Ұрлаушылардың мұндай зиянсыз болып көрінетін әрекеттері ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, мысалы: жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзу, қорлау, ал кейбір төтенше жағдайларда - өзін-өзі өлтіруге итермелеу», - деді
«Omirbolat, Suyundukov және Assauova»адвокаты Айбек Сүйіндіков.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев қыз алып қашу дәстүріне қарсы пікір білдірді. Ол Ұлттық Құрылтайдың отырысында қыз алып қашу дәстүрін қараңғылық деп атады. Президент мұндай әрекетті «ұлттық дәстүрдің артына тығылуға» тырысатындар қолданатынын атап өтті.