Маңғыстау облысы әкімдігі мен туристік компания өкілдері Өзбекстанның құрамына кіретін Қарақалпақстан Республикасына ресми сапармен барды. Басты мақсат – туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және елімізге келетін шетелдік туристер санын арттыру, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Сапардың бірінші күнінде делегация мүшелері Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің Басшысы Фархад Ермановпен кездесіп, туристік фирмалар үшін дайындалған келісімдерді жан-жақты талқылады. Кездесуде қажылық туризмі бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды. Сонымен қатар зиярат орындарына, көне қоныстарға және Жібек жолына жаңа туристік маршруттар құрумен бірлескен этнографиялық іс-шараларды өткізу талқыланды.
Кездесу барысында туристердің шекарадан өтуін жеңілдету шаралары да талқыланды. Жиынға қатысушылар мұның барлығы шетелдік туристер ағынының артуы нәтижесінде екі өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретінін атап айтты.
Сапар барысында Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысының әкімдігі мен Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, туроператорлар арасында В2В кездесулері ұйымдастырылды.