Маңғыстауда былтырдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен екі оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда оңалту орталығында 328 бала мамандардың көмегіне жүгінсе, ерте араласу бойынша 247 бүлдіршіннің мүгедектігін алдын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар өңірде Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен аутизмі бар балаларға арналған мекеменің тұсауын кесу жоспарланып отыр.
«Самұрық-Қазына»АҚ портфельді компаниялары Маңғыстау облысына 2023 жылдың жарты жылдығында 722 миллион теңге қаражат әлеуметтік жобалардың орындалуына жұмсалған. Жобалар қатарында мемлекеттік тілді қолдау, әлеуметтік және медицина, еңбек қатынастарын дамыту, медиа, мәдени қоғамдастық пен адам әлеуетін дамыту секілді маңызды салалар қамтылуда. Мәселен Жаңаөзен жастарын қолдау мақсатында 175 жоғары сынып оқушысы «Жарқын болашақ» жобасы шеңберінде елдің 9 аймағындағы 40-тан астам техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен мектеп-интернаттарында оқуға қабылданды. Онда студенттер арнайы стипендиямен және гранттармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жаңаөзендік тағы 50 баланың Бурабайдағы «Айқанат» мектебінде 10-11 сыныптарда сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр.
«Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай биыл Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылының халқына қазіргі заманға сай 21 спорт-ойын алаңы тарту етілді. Сондай-ақ былтыр ғана мұнайлы мекендегі облыстық перзантханаға «Samruk-Kazyna Trust» КҚ атынан нәрестелердің шетінеуін азайтып, мүгедектігінің алдын алатын қазіргі заманғы автоматты гипотермия жабдығы табысталды. Жаңаөзендегі бірден 3 мектепке интерактивті тақта мен жиһаз берілді. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында бейімделген спорт түрлерінен 6 топ тегін қызмет көрсетуде.
Жалпы 2016-2023 жылдар аралығында қордың көмегімен Маңғыстау өңірінде 4,5 млрд теңгеге 40-тан артық әлеуметтік жоба қолдау көрсетілген.