Маңғыстау облысы кәсіпшілік балық аулау бойынша алдыңғы орында. Көрсеткіш Каспий теңізінен ауланатын балықтар мен өзге де су жануарлардың көлеміне негізделген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, өңірде кәсіпшілік балық аулаумен маусымдық негізде 811, тұрақты 75 балықшы айналысып келеді. Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Абзал Бақытжанұлы алдағы уақытта облыс әкімдігі тарапынан кәсіпкерлердің ұсынысымен шабақ балығының квотасын игеру және оны терең өңдеу қолға алынып жатқанын атады.
Қазіргі таңда, шабақ балығын аулауға бөлінген квотаның көлемі 8 мың тн болса, алдағы уақытта осы көлемді 72 мың тн-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл Каспий теңізі әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді.
Өткен жылы облыста 71,5 тн балық өсірілген. 2021 жылға дейін өңірде тек бекіре тұқымдас балық түрлері өсіріліп келсе, қазір жайын, цихлид, дөңмаңдай, ақ амур және тұқы тұқымдас балықтар өсіріліп жатыр. Өңірдегі балық шаруашылығының дамуына мемлекеттің де қолдауы зор. Атап айтқанда, балық шаруашылығына жергілікті бюджеттен 2022 жылы 10,5 млн теңге, 2023 жылы 20,5 млн теңге және 2024 жылы 28,8 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлер негізінен балық азықтарын сатып алу және балық өсіру материалын сатып алу шығыстарын өтеу үшін субсидия алып жатыр.
«Балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, Маңғыстау облысында 100 мың тонна балық өсіру көзделген. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін, Каспий теңізінде тор қоршамада акваөсіру шаруашылықтарын ашу қажет. Осы мақсатта, Маңғыстау облысының теңіз акваториясының табиғи-климаттық жағдайларында тор қоршамада тауарлы балық және өзге де су жануарларын өсіруге тиімді учаскелерді анықтауға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылды. Ғылыми ұйымның беретін зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Каспий теңізінің маңғыстаулық секторынан тор қоршамада балық өсіретін 20 шаруашылықтың учаскелерін белгілеуге мүмкіндік туады», - дейді Абзал Бақытжанұлы.
Бүгінде өңірде тауарлы балық өсірумен айналысып жатқан кәсіпорындардың саны арта түскен Солардың бірі - Ақтау қаласындағы «Natali company» ЖШС. 6 жыл бұрын құрылған кәсіпорын 2022 жылы 22 тонна жайын, 2023 жылы 32 тонна жайын және цихлид балық түрлерін өсірген.
Маңғыстауда өңірде дөңмаңдай, ақ амур және тұқы тұқымдас балықтарды өсірумен айналысатын шаруа қожалықтың бірі - «СПК Кәусар бұлақ» шаруа қожалығы. Қожалық басышысы Талғат Қалбайұлының айтуынша, былтырғы көктемде сатып алынған балықтар салмағы қазір 1 келіден асқан екен.