Ақтауда осыған дейін қалдықтарды қайта өңдеуге қабылдауға арналған он пункт болса, қазір оның төртеуі – жабық. Елімізде қалдықтарды жинап, оны қайта өңдейтін кәсіпорындардың көпшілігі дәл осындай жағдайда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұрын ӨКМ операторы қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және кәдеге жаратуды ұйымдастыруға жауапты болған компаниялардың кей шығындарын субсидиялап келген. Ал екі жылдан бері кәсіпорындар субсидиясыз жұмыс істеп келеді.
«Бүгінде жинау, кәдеге жарату және өңдеумен айналысатын компанияларға мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Субсидия бөлу қайта қарастырылуы мүмкін деген сыбыс бар, алайда көлемі – аз. Олар шығындарды да өтемейді. Осы 2 жыл ішінде Қазақстанда біз сияқты 200-ден астам құрастыру компаниялары жабылып, банкротқа ұшырады»,- дейді "Ecowasteaqtau" компаниясының басшысы Салтанат Бралина.
Қоқыс бизнесі өлуінің басты себебі – қайта өңделетін заттар нарығындағы ахуал. Осыған дейінгі екі жылда қоқыс жинайтын компаниялар субсидиясыз жұмыс істеді, сондай-ақ қайта өңдеушілерге қалдықтарды сататын бағалары да қожетімді болған. Ал қазір – басқаша.
«Мәселен, картонның бір келісінің бағасы 100 теңгеге дейін жетті, қазір – 50 теңге. Алматыға тасымалдың келісі 34 теңге болатынын ескерсек, қазір жинау да, сұрыптау да, тиеу де – тиімсіз. Бағаға қатты әсер еткен – Ресейге салынған санкциялар. Бұрын ресейлік қайта өңделетін материалдар Еуропа нарығына шығарылса, қазір картон, целлюлоза және ағаш Қазақстанға ағылып жатыр. Әрине, олар бағаны сәйкесінше төмендетті. Ал картонды пайдаланатын қазақстандық өндірушілер тауарды бізден емес, ресейлік компаниялардан сатып алғанды жөн көреді», - дейді Салтанат Бралина.
Ақтаулық компания басшысы Қазақстандағы өңдеуші компаниялар нарықтың 50 пайыздан астамын жоғалтқанын айтады. Сондықтан өңдеу көлемі азайып, сәйкесінше, коллекторлардан қабылданатын қалдықтардың көлемі де азайған.
«Өңдеушілер Ресейден келетін өнімнің көптігінен жабылуға мәжбүр. Мемлекет тарапынан қандай да бір шаралар қабылданбаса, біз елдегі нарықты сақтап қала алмаймыз. Бұл жерде тіпті субсидиялар да көмектеспейді. Бұрын әр кг-ға 35-40 теңге, ал тасымал үшін 17 теңгеден субсидия бөлінді делік, ал қазір бұл баға тасымал тарифтерінің шамамен екі есеге өскенін ескергенде ештеңеге де жетпейді. Бұрын Ақтаудан Алматыға вагонды 400 мыңға жөнелтетінбіз, қазір ең төменгісі – 650 мың теңге. Яғни, бұдан былай тасымалдау құны бұрынғы субсидиямен жабылмайды. Егер қалыпты нарықтық баға болмаса, компаниялар өзін-өзі қалпына келтіре алмайды», - деп түсіндіреді Салтанат Бралина.
Баға картоннан бөлек, пластик бөтелкелерге (кг 300 теңгеден 160 теңгеге дейін) және алюминий банкаларға (кг 400 теңгеден 200 теңгеге дейін) арзандады. Ал Ақтаудың өзінен ғана айына 200 тоннаға жуық қалдық Алматы, Шымкент, Петропавл қалаларына өңдеуге жіберіледі.
«Мен Қазақстандағы қалдықтарды өңдеу қауымдастығының мүшесімін. Министрмен бірнеше рет кездесіп, ұсыныстарымызды айттық. Компаниялардың жабылып жатқанын да мәлімдегенбіз, әзірге ешқандай реакция болған жоқ. Мұны жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес, өйткені өңдеушілер басқа аймақтарда орналасқан», - деп толықтырды Салтанат Бралина.
Өңдеу көлемінің азаюы тағы бір мәселеге ұласқан. 2019 жылы Экологиялық кодекске өзгертулер енгізіліп, оған сәйкес қайта өңдеуге болатын барлық заттарды полигондарға көмуге тыйым салынды. Енді қоқысты полигонға тасымалдайтын компаниялар заң бұзуға мәжбүр болып отыр, өйткені – амал жоқ. Мәселен, полигон орналасқан Мұнайлы ауданында (Ақтаудан шыққан қоқыс осы жерден шығарылады) бірде-бір кәсіпорын немесе қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ.
«Осыған байланысты Мұнайлы ауданы Ақтау қаласы мен облыс аумағынан шығарылған барлық қоқысты полигонға қабылдауға мәжбүр. Әкімдік жеке кәсіпкерлерге полигон аумағында сұрыптау жұмыстарын жүргізуге рұқсат берді. Бүгінде мұнымен 4 жеке кәсіпкер айналысады. Қабылданған қалдықтардың 40 пайызы – сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілсе, қалған 60 пайызы – көміледі. Биылғы жылдың 9 айында 40 162,62 тонна қоқыс қайта өңдеуге жіберілген. Қазір Мұнайлы ауданының әкімдігі қалдықтарды қайта өңдеу бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде», - деп атап өтті аудан әкімдігі.
Десек те, қоқыс өңдеу кәсіпорындары облыста әлі де пайда болуы мүмкін деген үміт бар. Өйткені кәсіпкерлердің біріне Ақтау қаласының іргесінен өндірістік және тұтыну қалдықтарын өңдейтін кешен салу үшін көлемі 20 гектар жер телімі берілген.