Маңғыстауда жалған жиһаз жасаушы тұрғындардың 4 миллионға жуық қаржысын алдап әкеткен күдіктіні полиция қамауға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Алаяқтық әрекетке барған азамат қала тұрғындарына пәтерге “жиһаз жасап беремін” деп жалған қызмет ұсынып, кейін алдап кеткен. Осыдан кейін тоғыз жәбірленуші полицияға арыз түсірді. Келген шығын көлемі 3 800 000 теңгені құрап отыр.
"Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлерімен 26 жастағы жергілікті тұрғынның жеке басы анықталып, ұсталды. Аталған дерек қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркелді. Өзге мағлұматтар тергеу мүддесінде жария етілмейді", - деді Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Осы орайда Маңғыстау облысының Полиция департаменті облыс тұрғындарын алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Себебі, өңірде аталған жағдайға ұқсас оқиғалар жиі тіркелетіні байқалған.