Қарақия ауданында қоршаған ортаны ластап, халықтың денсаулығына теріс әсер етіп, өздігінен төгілетін иесіз «Каменистое" және "Шалва" кен орындары өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстауда төрт жылдан бері мұнай далаға ағып жатқан кен орындары бар. Бұрын "Каменистое-Нефть" ЖШС теңгерімінде болған кен орны дұрыс игерілмей, иелері кәсіпорынды банкрот деп жариялап, тастап кеткен. Содан бері аталған орын иесіз деп танылып, қараусыз қалып отыр. Белгісіз біреулер қайта-қайта ұңғымадағы ысырманы (задвижка) ұрлап кете беретін көрінеді, содан мұнай далаға ағып қоршаған ортаны ластап жатыр.
"Каменистое" кен орны Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының солтүстік-батысында, жақын маңдағы үйлерден 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Жетібай ауылының тұрғындары құзырлы органдарға бірнеше рет арыз-шағым түсірген. Бірақ нәтиже болмады. Себебі кенорын иесіз болғандықтан экологтар үшін жауапқа тартатын тұлға болмады. Өткізілген электрондық аукцион қорытындысына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығына «УДС Мұнай» ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
Экологтар серіктестіктің атына ластанған аумақты тазарту жұмыстарын жүргізуді міндеттеп отыр, - деп жазылған МО экология департаменті таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта серіктестікпен қалдықтарды жою бойынша мамандандырылған «КТС» мекемесі арасында ұңғыманың айналасын тазалау үшін келісімшарт жасақталды.
Айта кету керек, Маңғыстау облысының Қарақия ауданында қоршаған ортаны ластап, халықтың денсаулығына теріс әсер ететін екі проблемалы өздігінен төгілетін иесіз ұңғыманың бірі осы "Каменистое" болса, екіншісі "Шалва" кен орны болып отыр.