Ақтаулықтар ішерге су таппай отырғанда қаладағы көлік жуу орталықтары үзіліссіз жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көлік жуу орталықтарының жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу үшін бірнеше орынға бардық. Мәселен 23 шағын аудандағы «Lux wash» орталығында таңертеңнің өзінде кезекте тұрған көліктерді байқадық. 17 шағын ауданда орналасқан «Brooklyn», «Green wash» орталықтары да клиенттерге қызмет көрсетіп жатты. Ал 13 шағын аудандағы «Меридиан» көлік жуу орны ғана жарықтың жоқтығына байланысты уақытша жұмысын тоқтатыпты. Дегенмен жарық қосылса бірден іске кірісетіндерін айтты.
Айта кетейік, соңғы жарты жылда ақтаулық тұрғындар ауыз судың жоқтығына жиі шағымданып келеді. Ал облыс орталығында жазда ауыз су тапшылығы тәулігіне 15 мың текше метрді құрайды.
Махаббат Нұржанқызы