Бүгін Бейнеу ауданы Қызыләскер ауылынан 8 шақырым жерде өлген қоқиқаздар табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Mangystau Press парақшасын хабарлады. Бейнеу ауданына қарасты Сам құмында Қазақстанның Қызыл кітабына енген әзірге 5 бас қоқиқаздың (фламинго) өлген денелері құм арасында жатқанын бүгін сол аумақта малдарын қарап жүрген мектеп оқушысы көріп, видеоға түсіріп алған.
Бір қызығы бұл жағдай тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 24 сәуір күні орын алған болатын. Ол кезде мамандар құстардың өліміне аймақтағы қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін деген пікір айтқан еді.
«Соңғы кездері Маңғыстау облысының аумағында шаңды дауыл соғып, күн желді болып тұрды. Бұл құстардың миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Әзірге қолайсыз ауа райынан, құстардың миграциясы кезінде ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай, олардың өліміне әкелген болуы мүмкін деп болжауға болады. Себебі шөлейт бұл аумақта су көздері жоқ. Ендігі жерде ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті сынамалар алынады деп күтеміз», деп жазылған парақшада жарияланған ақпаратта.
Қызғылт қоқиқаздар – жыл құстары. Жазда олар Ақмола облысындағы Қорғалжын қорық аймағын мекен етеді. Ал қыста Ирак немесе Түркіменстанның жылы аймақтарына көшеді. Көктемде және күзде олар Маңғыстау облысында тынығу үшін тоқтайды.
Қызғылт қоқиқаз Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген.