Ақтаудағы Маңғыстау туризм колледжінің студенттер жатақханасына 110 Құлсары тұрғыны келіп қоныстанды. Оның 41-і ересек адам, 69-ы бала, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Студенттер үйінен 80 адамға шақталған орын дайындағанымызбен, 110 адам келіп қоныстанды. Бір отбасыға бір бөлме берілді. Қазір мұнда 41 ересек адам, 69 бала бар. Оның ішінде бір жасқа толмаған 12 сәби бар, - деді жатақхана меңгерушісі Марал Ажиханова.
Жатақхана меңгерушісі төсек-орын, азық-түлік пен барлық қажетті заттар жеткілікті екенін айтты.
- Кәсіпкерлер, еріктілер, әкімдік өкілдері, жастар орталығымен тығыз байланыстамыз. Олар барлық қажетті заттарды уақытында жеткізіп отыр. Еріктілер адам санына қарай түскі, кешкі асты дайындап әкеледі. Қоныстанған тұрғындар бейімделген соң ас-тағамдарын өздері дайындайды, ол үшін барлық қажетті ыдыс, ас үй жабдықталып тұр, - деді Марал Асғатқызы.
Жатақхана меңгерушісінің айтуынша, жеке кәсіпкерлер жатақхана ауласына темір үй тігіп, ауызашар ұйымдастырған. Ал Rixos Water World Aktau қонақ үйінің өкілдері балаларға арналған аниматорлар шоуын ұйымдастырып, олардың көңілдерін көтерген.
Маңғыстау туризм колледжі өңірге енді келетін адамдар үшін де спорт залдарын қабылдау пункті ретінде жасақтап, 50 адамға арналған қосымша орын дайындап қойғандарын айтты.