Адам өміріне араша түсіп, кез-келген қауіпті жағдайда өзге жанға көмек қолын созу бұл абыройлы іс. Соңғы кездері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар көбейіп кетті. Сондай жағдайлардың басы-қасынан табылатын құтқарушылардың еңбегі тіптен ерек. Өмiрін тәуекелмен байланыстырған маман иесі Ыбырай Шуақбаев 2005 жылдан бері аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде құтқарушы қызметінде жұмыс жасап келеді. 1985 жылы маусым айының 19 жұлдызында дүниеге келген кейіпкеріміз, қашанда мәртебесі биік мамандық иесі құтқарушы болуды бала кезінен армандаған. Ауданымыздағы №2 орта мектептен он бір жылдық білім алып, Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады. Шымкент қаласында жаяу әскер қызметінде және Алматы қаласында 2 жылдық әскери борышын өтеп келгеннен кейін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде алғаш еңбек жолын бастаған. Кез келген адам құтқарушы бола алмайтыны анық. Бұл мамандықты тек таңдаулылар ғана атқара алады.
– Менің ойымша мамандық таңдауда қателеспедім. Өрт сөндіруші боламын деген балалық арманым алдамады. Өз жұмысымды мақтан етемін. Сол себепті әр шақырту түскенде өз жұмысыма үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға барынша тырысып бағамын. Біздің күнделікті жұмыс барысында тәуекел ететін әрбір күн бар, зардап шегушілерді құтқару кезінде, жабылып қалған есіктерді арнайы құрал-жабдықтарды қолданып ашу арқылы, далада, күшті желде және суыққа қарамай, зардап шегушілерді құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтай отырып, жұмыс істейміз. Тәуекелділік – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Адамның өмірін құтқарып қалған жағдайда – одан артық қуаныш жоқ. Құтқарушылар әрбір қысылтаяң сәттің артында адам және оның өмірі тұратынын біледі, - дейді Ыбырай Наурызбайұлы.
Қауіпке толы қызмет жолында жүрген кейіпкеріміз еңбегі еленіп, ауданның 10 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы медальмен марапатталған. Қауіп пен қатердің ортасында жүргеніне 19 жылға жуық уақыт болған кейіпкеріміздің өз ісіне берілген нағыз маман екенін әрбір сөзінен аңғаруға болады.
- Құтқарушы болу үшін жүрек керек, асқан ептілік пен жылдамдықты айтпай кетуге тағы болмайды. Өйткені біздің жұмыста ауыр да көтересін, төбеден жіппен де секіріп түсесін, қанды да көресін, өлімді де көресін, алғашқы көмек те көрсетесін. Сондықтан бұл жұмыс таза ер адамдардың жұмысы және оған ер мінезді адамдар ғана шыдай алады, - дейді құтқарушы.
Ержүректілік, батырлық, жанқиярлық сияқты құтқарушыларға тән қасиеттердің бәрін бойына жиған Ыбырай Наурызбайұлы жұбайымен бірге бүгінде қос ер баламен бір қылықты қыз тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміз өзінің ұлдарының болашақта әке жолын қуып құтқарушы болғанын қалайды. Өйткені оның пікірінше, тек нағыз азаматтар ғана құтқарушы бола алады.
Дина ӨТЕПБЕРГЕНОВА