Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің офицерлері мен сержанттары арасында сайыс өтті, mangystaumedia.kz.
«Үздік батальон командирі», «Үздік батальон штаб бастығы», «Үздік батальон командирінің орынбасары», «Үздік взвод сержанты», «Үздік бөлімше командирі» секілді аталымдарда әскерилер сынға түсті.
Бұл байқауға ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал гарнизондарының әскери бөлімдерінен, байқаудың 1-ші кезеңінен жеңімпаз атанған 18 әскери қызметші қатысқан болатын.
Әскери қызметтің мәртебесін көтеру, офицерлер мен сержанттарды ынталандыру және олардың кәсіби шеберліктерін әрі қарай жетілдіру, озық тәжірибелерді тарату, батальон, рота буынындағы офицерлер арасынан кадрлық резерв дайындау, сондай-ақ теориялық білімі мен тәжірбиесін арттыруға бағытталған байқаудың өзіндік маңызы зор. Сайысқа қатысушылар дене даярлығы, саптық және мемлекеттік - құқықтық дайындық, әскери топография, тактика және атыс өнер дайындығы, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдарын дұрыс пайдалану және жалпы әскери жарғы бойынша сынақ тапсырды. Үздік әскери қызметшілер тапсырылған сынақтың нәтижесі бойынша анықталып отыр.
Сайыс қорытындысы бойынша Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің батальон командирінің орынбасары-штаб бастығы майор Жасұлан Көрпешов берілген сынақтарды тапсыру кезінде қарсыластарынан озық шығып, бірінші орынға ие болды.
Үздік атанған Жасұлан Көрпешов желтоқсан айында Астана қаласында өтетін сында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.