Ақтауда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған «Жемқорсыз әлем» тақырыбында сурет салу байқауының жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқау қатысушыларына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева жүлделі орын алған оқушылардың суреттері қала көшелерінде орналасқан билбордтарға ілінетінін жеткізді.
- Байқаудың негізгі мақсаты - балаларға сыбайлас жемқорлықтың тигізетін зардабын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл байқауды қала әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік тапсырыс аясында «Шуағыңды шаш» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған болатын. Жүлделі орын алған оқушылардың суреттері қала көшелерінде орналасқан билбордтарға орналастырылады. Барша жарысқа қатысқан оқушыларға және оларға қолдау көрсеткен ата-аналарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта осындай шараларды өткізу жоспарымызда бар, - деді Гүлмира Балғожаева.
Байқау қатысушыларының бірі 15 жастағы Айзере Кенен. 10 сынып оқушысы осыған дейін жемқорлыққа қарсы республикалық жарысқа да қатысқан. Осы байқаудан ол І орын иеленді.
- 5 жасымнан бері сурет саламын. Осы байқауға жіберген суретімде тәж бен жыланды бейнеледім. Билікке ұмтылған қу жыланның сыбайлас жемқорлыққа баратынын жеткізгім келді. Осындай мысалмен салынған суретімді мен қою түспен салуды жөн көрдім. Байқаудың ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін, - деді Айзере Кенен.