Ақтауда «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінің ұйымдастыруымен алғыс айту күніне орай «Ризашылық - мейірімділік бұлағы» атты мерекелік концерті өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концертке Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин және қалалық мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев қатысты. Кеште Есір Айшуақұлы атындағы қазақ оркестрі «Бибіжан» түрікмен халық әнін орындаса, үлгілі ұжым «Ақкербез» би ансамблі «Ұйғыр биін» және халықтық ұжым «Айша қыз» би ансамблі «Өзбек биін» биледі. Концертте «Шадвал» кавказ би ансамблі және «Молодость» джаз-ансамблі өнер көрсетті.
- Шараның басты мақсаты - халықтар арасындағы достықты нығайту, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Жалпы наурыз айында «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде көптеген мәдени іс-шаралар өтеді. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын алда өтетін мерекелік концерттерге белсенді қатысуға шақырамыз, - деді «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешені басшысының орынбасары Маргарита Омарова.