Ақтауда Жалпыұлттық социал -
демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен "Білім. Қоғам. Болашақ" атты республикалық форумның І отырысы өтті. Жиында елдегі жетекші жеті партияның өңірлік филиалдары арасындағы саяси-әлеуметтік тұрақтылықты
сақтаудағы ынтымастастық туралы меморандумға қол қойылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Меморандумға Маңғыстау облыстық мәслихаты, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы, «Ақ жол» демократиялық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы, «Қазақстан Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы, «Respublica» партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы, «BAYTAQ» жасылдар партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы және Жалпыұлттық социал - демократиялық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы қол қойды. Енді меморандум аясында елдік мүдделерді бірлесе қорғау және саяси-әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мұраттарын басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысының сындарлы саясатын іске асырады. Халық арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды қолға алып, ел бірлігі мен қоғам келісімін қамтамасыз етудегі шараларды бірлесе ұйымдастыруға септігін тигізеді.
Мұнан бөлек форумда жалпы білім беретін орындардың жетіспеушілігі мен білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар патриоттық, отбасылық, ел бірлігіне бастайтын құндылықтарды қалыптастыру, Қазақстан халқының ұлттық рухын, мәдени-рухани мұрасы мен салт-дәстүрін сақтауға жұмыла отырып, бірлесіп белсенді жәрдемдесу мәселесі пысықталды.
Айта кетейік, жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Жалпыұлттық социал демократиялық партияның Батыс Қазақстан және Атырау облыстық филиалдарының төрағалары, Маңғыстау облысы бойынша партия филиалдарының төрағалары мен депутаттары, Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының орынбасары және қоғам белсенділері қатысты.