Маңғыстауда 100 талантты, әрі дарынды жасқа жол жүру гранты беріледі. Аталған грант аясында жастар шығармашылық, зияткерлік және спорттық жарыстарға тегін бара алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қолдауымен «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Негізгі мақсат - Қазақстан қалаларында немесе тұрғылықты аймақта өтетін шығармашылық байқауларға, зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысуға жеткілікті қаражаты жоқ дарынды жастарды анықтау және олардың байқауға қатысуына мүмкіндік беру. Сол арқылы жас дарын, тума талант иелерінің есімін елге насихаттамақ.
«Қазіргі таңда байқауға қатысуды мақсат еткен талантты, дарынды жастарды анықтау үшін өтінім қабылданып жатыр. Өтінім қараша айының 20 жұлдызына дейін қабылданады. Содан кейін арнайы комиссия отырысы өткізіліп, жеңімпаздар анықталады. Жоба аясында конкурстық комиссиядан өткен жастардың жарысқа бару-қайту теміржол билетіне грант беріледі. Осылайша, біз 25 жасты шығармашылық конкурсқа, 25 жасты зияткерлік конкурсқа және тағы 25 жасты мәдени-қоғамдық іс-шараға, 25 жасты спорттық іс-шараға жібереміз. Жол жүру грантын алуға өңірдегі 14-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады», - дейді «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлназ Баймұрзаева.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар жеке тұлғадан бөлек топтық команда немесе ұйым болған жағдайда сол ұйымнан немесе командадан 5-тен кем емес адам ғана өтініш бере алатынын айтады. Бір адам екі рет өтініш бере алмайды. Сондай-ақ бір ұйым екі рет қатыса алмайды және әр жолаушының жататын тұрақты жеріне, азық-түлігіне, киім-кешегіне, сый-сияпатқа қаржы қарастырылмайтынын ескертеді. Өтінімді zheti.zhurt@gmail.com поштасы арқылы қабылданады.
Қатысу ережесі мен өтінім үлгісі осы сілтемеде: https://docs.google.com/document/d/1upD4GccRWxJtDhuOxkQmq9Re78mzvksdnBpjecUgJmY/edit?usp=sharing