Маңғыстауда тағы бір ауыл алкогольден толық бас тартты. Онды ауылындағы дүкендерде алкоголь сатылмайды. Нәтижесінде қылмыс мүлдем тіркелмеген. Бұл туралы өңір басшысының Маңғыстау ауданына жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Нұрлан Ноғаев Ұштаған, Онды және Жармыш ауылдарында тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселесімен қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау ауданындағы ауыл қылмысты азайту бойынша рекорд жаңартуда. Онды ауылы үш жыл бұрын алкогольден толықтай бас тартқан. Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығын белсенді жүргізеді: ет, сүт өнімдерін өндіреді. Ауылда 45 шаруа қожалығы табысты жұмыс істеуде.
Жақында Онды ауылдық округі республикалық "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына енгізілді. Соның аясында жақын арада ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылданады. Яғни, ауыз сумен, электр энергиясымен, газбен жабдықтау, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандар салынады.
Ауылдық округке жалпы саны 1300-ден аса тұрғыны бар Онды ауылы мен Бекі және Басқұдық елді мекендері кіреді. Қазіргі уақытта Бекі ауылында 100-ге жуық бала оқитын жаңа мектептің құрылысы белсенді жүріп жатыр.
Биыл ауылда мәдениет үйі мен тоғыз мың данадан астам кітап қоры бар кітапхана жөндеуден өтті.
Онды ауылы да әдеби саладағы тарихи мұрасымен мақтанады, өйткені дәл осы жерде атақты жазушы Әбіш Кекілбаев туып-өскен.
Нұрлан Ноғаев екі мыңға жуық адам тұратын Ұштаған, Жарма және Сазды елді мекендерін қамтитын Ақтөбе ауылдық округіне де барды. Кездесу барысында тұрғындар балалар тасымалдайтын көлік, медицина, ветеринария, автожолдар, спорт кешенін салу мәселелерін көтерді.
Ұштаған ауылы орталықтандырылған ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен 100% қамтамасыз етілген. Ауылдық округ шегінде 150-ден астам жеке кәсіпкер тіркелген.
"Ауыл аманаты" жобасы аясында ауыл тұрғындарының бірі түйе шаруашылығын дамыту үшін 7,2 миллион теңге көлемінде несие алған.
Жұмыс сапары барысында Нұрлан Ноғаев Жармыш ауылында болды. Кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, сумен жабдықтау, әлеуметтік нысандарды жөндеу, газдандыру және көшелерді жарықтандыру сияқты бірқатар маңызды мәселені көтерді.
Жармыш ауылында 260 орынға шақталған "Жармыш" жалпы білім беретін мектебі жұмыс істейді. Онда 75 педагог қызмет етеді. Былтыр оқу жылында мектепте бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді: спорт залы мен асхана жаңартылды. Сонымен қатар ауылда мәдениет үйі мен кітапхана бар, онда 13 мыңнан астам кітап қоры сақталған.
Сондай-ақ ауылда шағын спорт алаңы бар, "Ауыл аманаты" жобасы аясында спорт кешенін салу жоспарланып жатыр.
Жармыш ауылында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау тек 82 тұрғын үйге беріледі, ал қалған 253 үй су таситын көлікті пайдаланады. Қазіргі уақытта ауылды ауыз сумен 100% қамтамасыз ету мақсатында су құбыры құрылысының екінші кезеңі жүргізілуде.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аударып, барлық қажетті шараны қабылдау керектігін атап өтті.
- Мемлекет ьасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында Маңғыстау жерінде түйе шаруашылығын дамыту әлеуетіне сенім білдірді. Қазіргі уақытта аймақта 90 мыңға жуық түйе бар. Біз осы саланы дамыту үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдау үшін арнайы гранттар бөлінетінін атап өту маңызды, бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауылдық қауымдастықтардың өркендеуіне ықпал етеді. Барлық мүдделі тараптың бірлескен күш - жігері арқылы ауылдық округтеріміздің тұрақты дамытып және барлық азаматтың әл-ауқатын жақсартамыз, - деді Нұрлан Ноғаев.