«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында AD Ports Group (ADP) Басқарма Төрағасы Мұхамед Джума әл-Шамисимен қазақстандық мамандарды жұмысқа орналастыруға қатысты Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тараптар қол жеткізген келісімдерге сай қазақстандық мамандар бес жыл бойы ADP компанияларына түрлі жұмысқа орналастырылады.
ҚМГ конкурстық іріктеуді, ағылшын тілінен қосымша оқуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ құжаттарды ресімдеуде және іріктеуден өткен үміткерлерді ADP кәсіпорындарына жіберуде қолдау көрсетеді.
Іріктеу әр мамандықтың кәсіби ерекшелігіне қарай, Маңғыстау облысының тұрғындары арасында өтіп жатыр.
Айта кетсек, аталған келісім биыл қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ-ге сапары барысында ҚМГ мен ADP арасында қабылданған Стратегиялық серіктестік туралы келісімнің ауқымын кеңейте түседі.
Анықтама:
AD Ports Company — Біріккен Араб Әмірліктерінің порт, өнеркәсіптік және логистикалық операторы, өз портфелінде Абу-Дабидің әртараптандырылған экономикасының негізгі секторларын қамтитын ірі кәсіпорындар бар аймақтағы ең ірі холдинг компаниялардың бірі. ADP порттарды, өнеркәсіптік қалаларды және еркін аймақты, теңіз, логистика және цифрлы технологияларды қамтитын бірнеше кластерді басқарады.