Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қалалық төтенше жағдай қызметкерлері мерекесі аясында сала қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға 35 азаматтық қорғаныс қызметкері мен сала ардагерлері қатысты. Ардагерлерге мерекелік медальдар, төтенше жағдай қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барысында Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев сөз сөйлеп, азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
- Құрметті азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері! Қадірменді сала ардагерлері! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Өңіріміздің тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі жолында абыройлы қызмет атқарып келесіздер. Өзгенің өмірін құтқару үшін өмірлеріңізді қауіп-қатерге тігесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді. Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, табыс тілеймін! Мереке құтты болсын!- деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жиын барысында қорғаныс қызметкерлері қала басшысына алғысын айтты.
- Сала ардагерлерін және төтенше жағдай қызметкерлерін шақырып, құттықтағандарыңызға алғысымызды айтамыз. Қала мен облысымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ете беріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді сала ардагері Сейтмолда Мұханов.