Киік аулауға 1 қазан мен 15 қараша аралығында рұқсат етілмек. Құжат Ашық НҚА порталында қоғам талқылауына ұсынылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
6қазаннан бастап экология министрінің Қазақстанда киіктердің санын реттеу туралы бұйрығы күшіне енген еді. Министрліктің көктемгі әуе есебіне сәйкес, Қазақстандағы киіктер саны 2 миллионға жақындаған. Ал биылғы төлді қосқанда 2 миллионнан да асып түскен болуы мүмкін. Осы себептен киіктердің оралдық популяциясын 20 пайызға, бетпақдалалық популяциясын 15 пайызға қысқартуға шешім қабылданды.
"Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жыныс құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан, киікті аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды",- делінген құжат жобасында.
Айта кетейік, Қазақстанда аң аулау қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасы әзірленіп, онда жыл сайын киік аулауға рұқсат етілетін мерзім белгіленді.