Елімізде туған күні Республика күнімен тұспа-тұс келетін азаматтар аз емес. Соның бірі – Маңғыстау облысында тұратын мемлекеттік қызметкер Нұртас Сали.
Нұртас Төребекұлы 1992 жылы 25 қазанда Бейнеу ауданында дүниеге келген. Оның есімін әжесі Дінмұхаммед Қонаевтың тәлімгері болған болған Мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың құрметіне қойған.
Орталықтан шалғайда жатқан шағын ауылда өскен бала Нұртас космонавт болуды армандапты. Ал мектеп қабырғасында жүргенде зәулім ғимараттар салып, архитектор болам деген мақсат қойған. Алайда есейе келе мемлекеттік қызметті таңдаған. Бұл таңдауына өзінің мектеп пен университет қабырғасындағы көшбасшылығы мен еліме қызмет етем деген ниеті арқау болыпты.
Нұртастың өзі таңдаған үш мамандықтың ұқсастығы биікке ұмтылу деп есептейді. Яғни космонавт ғарышқа ұшса, архитектор аспанмен таласқан ғимараттарды тұрғызады, ал мемлекеттік қызметкер халыққа жоғары сападағы қызмет көрсетеді.
Мемлекет қайраткерінің құрметіне қойылған есімі Нұртастың өміріне де әсер еткен. Н.Сали мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдады. Еңбек жолын 2014 жылы Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасында жәй маман болып бастаған ол 8 жыл ішінде басшы лауазымына дейін көтерілді. Биыл Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бейнеуден түлеп ұшқан азамат 5 қарашада өтетін сайлауда Бейнеу ауданының әкіміне үміткер.
- Жоғары оқу орнын аяқтағаннан соң Ішкі саясат басқармасында қызмет ете жүріп көп тәжірибе жинадым. Қазақта «Туған елге туыңды тік» деген жақсы сөз бар ғой. Осы ұстаныммен өзім туған ауданға қызмет етуге бел буып, Бейнеу ауданының әкімі сайлауына кандидатурамды ұсындым, - дейді Нұртас Сали.
Нұртас Төребекұлының сөзінше бұл ауданның даму әлеуеті жоғары. Өйткені Бейнеу ауданы көлік логистикасын дамытуға қолайлы мекен. Тоғыз жолдың торабында тұрған Бейнеу ауданының мүмкіндігін ел экономикасына тиімді пайдалану керек, дейді ол.
-Бейнеу ауданы сауда-логистикалық орталығын құруға сұранып тұр. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының төмендеуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізеді, - дейді Нұртас Төребекұлы сайлауалды бағдарламасында.
Одан бөлек ауданда кенже қалған салаларды ілгерілетуге ниеттеніп отыр. Әсіресе медицина мен ауылшаруашылығы басты назарында. Жұмыссыздық пен жастар ісі саясатын да қолға алып, туған өлкемді көркейтсем деген мақсат қойыпты.
Айта кетейік 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған. Осылайша 25 қазанда Республика күні 1995 жылдан бастап тойлана бастады. 2009 жылдан бері аталып өтпеген мейрам 2022 жылы ұлттық мереке болып қайта бекітілді.
Махаббат Нұржанқызы
Қаржысы жергілікті бюджет қаражатынан төленді