Бүгін Ақтауда "Луара" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ұлттық ғылыми - практикалық білім беру сарапшыларының қатысуымен XIV Маңғыстау инклюзивті шығармашылық фестивалінің гала-концерті өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Концертте Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері мен жалпы білім беретін мектептің оқушылары өнер көрсетті.
Сонымен қатар Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі Ерасыл Избасқан, "Каспий теңізі пиратының әжесі" отбасылық театрландырылған ертегісімен №7 Н. Марабаев атындағы мектеп-лицейінің үш оқушысы, "Морячка" биін билеген №2 арнаулы жалпы білім беретін мектептің 6 өнерпазы, "Мақта қыз бен мысық" ертегісін сахналаған №2 арнаулы мектептің 5 оқушысы мен Мұнайлы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен шыққан 1 өнерпаз фестиваль лауреаты атанды.
Ал "Школьник" орталығы, №15 И. Жанболатова атындағы мектеп-гимназиясы, Боранқұлдан келген мектеп, №27 Өмірзақ жалпы білім беретін мектебі, Түпқараған психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті мен Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы атынан қатысқан балалар "Handmade" номинациясын иеленді.
Жалпы аталған фестиваль облыстық инклюзивті білім беру семинары аясында өткізілді. Оқытуға 150-ге жуық адам қатысты. Негізгі мақсаты – педагогтардың ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге эмоционалдық дайындығын және педагогтардың кәсіби мотивациясын дамыту. Семинар екі күнге созылды.