Бүгін Ақтауда және қала сыртында санитарлық тазарту жұмыстары бойынша айлық басталып, оның аясында алғашқы сенбілік өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер, мекемелер және кәсіпорын ұжымдары қатысты.
"Біз санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу үшін қаланы 8 учаскеге бөлдік, олардың әрқайсысына әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері, коммуналдық қызметтер жауапты болды. Сенбілік қатысушыларына алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен тұрғындарды да үйлерінің және тиісті нысандарының ауласын тазалауға шақырамын. Жиналған қоқыстарды жол бойында немесе қоқыс жәшіктерінің жанына қалдыру керек, оны коммуналдық қызметтер алып кетеді. Таза қала - бұл билік үшін ғана емес, қаланың әр тұрғыны үшін де басты міндет", - дейді қала әкімінің орынбасары Имаммахмут Шагирбаев.
Сенбілік барысында барлық қатысушыға қолғап пен қоқысқа арналған қап таратылып, 25 арнайы техника жұмылдырылды.
Ал заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары 20 шағын ауданда белсенді жүргізілуде. Мамандардың мәліметінше, 1 гектар жер құрылыс қоқысымен толып кеткен.
"Бүгінгі таңда 9 стихиялық полигон учаскесі анықталды, мұнда қатты тұрмыстық қалдықтан бөлек құрылыс қоқыстары заңсыз жиналған. Бұл қалдықтар табиғатқа ғана емес, тұрғындардың денсаулығына да теріс әсер етеді. Біздің міндетіміз - тазалап қана қоймай, осындай заңсыз үйінділердің қайта пайда болуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізу", - деді Қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Ернар Тулесинов.
Жалпықалалық сенбіліктер апта сайын өтеді, науқан 21 мамырға дейін жалғасады.