Бүгін Ақтаудағы «Маңғыстау арена» спорт кешенінде халық батырлары «Иса-Досан» жүлдесіне арналған ХІІІ халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Дүбірлі додада еліміздің 14 облысы мен Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген 700-ден астам спортшы бақ сынайды. Екі күнге созылатын жарыста 2008-2009 және 2011-2012 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар бәсекеге түседі.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында Маңғыстау облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашев, ата ұрпағы Нұрпейіс Сәрсенбай және басты ұйымдастырушылардың бірі Манарбек Бисекенов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Бүгін дзюдодан басталған халықаралық доданың басты мақсаты - ұлттық дәстүрлерімізді насихаттау, ел үшін жанын пида еткен баһадүр бабалар ерлігін ұлықтау, рухына тағзым ету, - деді жарыс ұйымдастырушысы Манарбек Бисекенов.
Халықаралық сайыста өңір намысын 300-ге жуық спортшы қорғайды. Саңлақ спортшының бірі - 14 жастағы Асылхан Ғабит 50 келі салмақ дәрежесінде белдеседі.
-Жеті жылдан бері дзюдомен айналысамын. Осы уақытқа дейін бірнеше республикалық және халықаралық спорт жарыстарына қатыстым. Былтыр өткен халық батырлары «Иса-Досан» ХІІ турнирінде өз салмақ дәрежем бойынша чемпион атандым. Биыл да жеңіске жетуге бойдағы бар күш-жігерімді жұмсаймын, - дейді Асылхан Ғабит.
Айта кетейік, жарыста І, ІІ және ІІІ орын алған дзюдошылар ҚР спорт шеберлігіне үміткер деген атаққа ие болады.