Ақтауда сұлулық салонын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған Құралай Байғалиеваның ісі көпке үлгі. Ол Республика күніне орай ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтауда «Апельсин» сұлулық салонын ашып, жұмысын жүргізіп отырған кәсіпкердің mangystaumedia.kz сайтына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Сіздің салонда қызмет ететіндердің дені мүмкіндігі шектеулі жандар. Мұндай ерекше жандармен жұмыс істеудің қыр-сырын айтсаңыз?
- Мүгедек балаларды оқытып, маман ретінде жұмысқа алған едік. Мысалы зағип жандар массаж жасаса, құлағы мүлдем естімейтін балалар шаштараз, маникюр жасау қызметін атқарады. Мүмкіндіктіктері шектеулі екеніне қарамастан олар табысты еңбек етіп жатыр.
- Мұндай ерекше жандарды жұмысқа тарту туралы идея қалай келді?
- 2019 жылы Алматыда зағип адамның массаж жасағанын көріп, осындай шешімге келдім. Олардың жұмысқа ерекше ынтасы, энергиясы бар. Болашақта осындай жандарға жұмыс болсын деген ниетпен үлкен жұмысты қолға алдық. Балалардың барлығы сапалы жұмыс істейді. Мейрамбек деген туғаннан көзі көрмейтін музыкант маман бар. Қолының шипасы ғажап. Маған осындай балалармен жұмыс істеген ұнайды.
- Шаштараз қызметін атқаратын мамандар қанша уақытта жұмысын үйренді?
- Шаштараз қызметін естімейтін, мүлдем сөйлей алмайтын адамдар атқарады. Олар ешқандай аппарат кимейді. Туғалы осындай күйге душар болған. Мамандармен жұмыс барысында қол арқылы сөйлесеміз. Естімейтін адамдарды мамандыққа үйрету үшін олардың тілін меңгеріп алдым.
- Барлығы адам жұмыс істейді?
- Салонымыздағы үш шаштараздың ешқайсысы да естімейді. Ал алты массажистің барлығы зағип жандар. Олар екі жарым ай бойы осы мамандықты меңгерді. Олардың есте сақтау қабілеті ерекше екенін айтқым келеді. Үйреткен нәрседі бірден қағып алады. Әзірге клиенттердің келуі соншалықты көп емес. Жарнама жасап, тұтынушыларды өзімізге шақырамыз.
- Сіздердің қызметке жүгінушілердің көзқарасы қалай?
- Кәсіби біліктілігіне ешқандай шағым жоқ. Ақтау тұрғындары мүмкіндігінше келіп жатыр. Өзім 30 жылдан бері осы салада еңбек етемін. Айта кетерлік бір жайт, мұндай ерекше жандардың энергиясы, жұмыс істеуге деген құлшынысы өте жоғары. Жұмыс істегісі келгенімен әркезде жұмыс табыла бермейді. Қазір мүгедік арбасына танылған 19 жастағы қыз маникюр жасауды үйреніп жатыр. Алда мамандарымыздың қатарын толықтырады. Негізінен массаж жасауға ниетті жандарды Ақтаудағы «Зағиптар қоғамы» арқылы таптық. Қазір олардың біреуі медициналық колледжде арнайы білім алып жатыр.
- Республика күніне орай марапатқа ие болып жатыр екенсіз...
- Иә. Еңбегімізді елеп, құрмет көрсеткен жандарға алғысымды білдіремін. Мұндай қолдаулар бізді ынталандырып, жұмысымызды жаңа қарқынмен атқаруға серпін береді.
- Алдағы істеріңізге табыс тілейміз!