Ақтауда қала әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті. Шарада қала әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали жасалған жұмыстарды айтып, тұрғындармен қаладағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында қоғамдық көлікпен қамту мәселесі жиі қозғалды. Қазіргі таңда Ақтау қаласы қоғамдық көлік тасымалында он бағыт бойынша 70 автобус жұмыс істейді. Маршрут автобустарын жаңарту мақсатында СПК «Каспий» мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несиемен метан газды қозғалтқышты 70 автобус қалаға жеткізілді. Аталған автобустар №3, №5, №7, №4м маршрут автобустарын жаңартуға, №8 маршрут автобустарын толықтыруға және №1, №6, №9 маршруттарын іске қосуға бағытталды.
Сондай-ақ кездесуде абаттандыру мәселесі талқыланды. Жалпы Ақтау қаласының аумағында 319 балалар ойын алаңы және 117 спорт алаңы бар. Оның басым көпшілігі ауыстыруды қажет етеді. Биыл қала аумағындағы тозығы жеткен балалар ойын алаңдарын және спорт алаңдарын жаңарту мақсатында 80 балалар ойын алаңын және 50 спорт алаңын орнату жоспарланды. Сондай-ақ былтыр «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 50 және одан жоғары дауыс жинаған он жоба сараптамалық кеңестің оң шешімін алған. Жоба аясында 6 балалар ойын алаңын, 6 спорт алаңын, 2 дана жаттығу(тренажер) және воркаут алаңын салу жоспарланып отыр.
Кездесуде қаладағы жылу желілерінің жаңарту жұмыстары туралы да айтылды.
- «МАЭК» ЖШС теңгеріміндегі магистральдық жылу құбырын кезең-кезеңмен қайта жаңарту жоспарлануда. Қаладағы жылу желілерін жаңарту бойынша қала 5 аймаққа бөлініп жасалады. Қазіргі таңда 3А, 3Б, аурухана қалашығында 10,2 км жылумен жабдықтау желілерінің қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Былтыр орталық жылу бекетінің құрылысы және №2 орталық сумен жабдықтау торабынан орталық жылу бекетіне дейін 4,2 шақырым су құбыры жүргізілді. Аталған жобаларды іске асыру кезінде қаладағы жылу желілерінің тозуын бірнеше шақырымға төмендетеді, - деді Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Шараға қатысқан тұрғындардың бірі тұрғын үйдің төбесін жөндеу мәселесін қозғады. Тұрғынның айтуынша, үйінің төбесінен су ағады.
-5-қабатта тұрамын. Көпбалалы анамын. Бір ерекше балам бар. Үйіміздің төбесінен су ағады. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, - деді тұрғын.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев тұрғын үйге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрғындардың келісімі қажет екендігін айтты.
-Жалпы үйдің төбесін жөндеу бойынша тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемеге хабарласуыңыз қажет. Тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме тұрғынның өтініші негізінде ақаудың көлемін анықтайды. Ақаудың көлемін анықтағаннан кейін, тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме оны жұмыс кестесіне қосып, тиісті жұмыстарды істейді. Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстары болса тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме жасайды. Ал тұрғын үйге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын тұрғындардың қосымша қаражаты есебінен жасалады. Ол үшін тұрғындардың 51%-ы келісім беруі қажет, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев.
Кездесуден кейін Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.