Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев тыл ардагерлерінің үйіне барып, хал-жағдайын біліп, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Тыл ардагерлерінің бірі инженер-геолог Әділ Нұрманов. 1984 жылы Өзен кен орнын, 1986 жылы Солтүстік Бозашы кен орнын алғаш ашқан. Еңбек жолын 1957 жылы Маңғыстау геологиялық іздестіру экспедициясында Түбіжік партиясының коллекторы(кіші геологы) қызметінен бастаған. «Маңғыстау геофизикалық экспедициясының» президенті болған. Тыл ардагері бүгінде 50-ден астам ғылыми-геологиялық мақала мен монография авторы. Әділ Нұрманов «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Ал тыл ардагері Нина Дерягина 60 жылдан бері Ақтау қаласында тұрады. Осы жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Каспий кен-металлургия комбинатында сорғы станциясының машинисі, кассир, есепші қызметін атқарды.
Тыл ардагері Роман Фрумин Маңғыстауда 1946 жылдан бері тұрады. Еңбек жолын Ақтау қаласындағы станцияда зейнеткерлікке шыққанға дейін жүргізушіден директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Роман Фруминнің жұбайы Мария Воронина күйеуімен бірге осы станцияда лаборант болып жұмыс істеген.
Ардагерлерді құттықтауға қала әкімімен бірге Ақтау қалалық ардагер кеңесінің мүшесі Қаржаубай Аққұлов пен қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысты. Тыл ардагерлеріне гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Қала әкімі тыл ардагерлерін мерекемен құттықтап, оларға жылы лебізін жеткізді.
-Тыл ардагерлерінің сұрапыл соғыстағы атқарған еңбегі өлшеусіз. Сіздер майданға аттанған сарбаздарды қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істедіңіздер. Соғыстан кейінгі жылдары да ел игілігі үшін абыройлы қызмет атқардыңыздар. Бүгінде біз іздер арқылы бейбітшілік пен ынтымақтастықтың бағасын біліп жүрміз. Барлық тыл ардагерлеріне алғысымды білдіремін. Жеңіс күнімен құттықтаймын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Өз кезегінде тыл ардагерлері де қала әкіміне алғысын айтты.
-Біздің хал-жағдайымызды біліп, Жеңіс мерекесімен құттықтап келгендеріңізге рақмет. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын. Ақтау қаласы дами берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді тыл ардагері Роман Фрумин.