Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, "Primary Health Care" Ұлттық Қауымдастығының президенті, "МСАК үздік тәжірибелер орталықтары (ООК)" жобасының үйлестірушісі Төлебай Рахыпбеков Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Іс-сапар аясында Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына, Ақтау қаласындағы 1,2 емхана жұмысымен танысты.
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келдік. Мұнда келу себебіміз Еңбекшіқазақ ауданында үздік практикалық орталық ашқанбыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша үздік деп танып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы емхана демонстрациялық орталық ретінде құрылған. Сол аталған ауданда құрылған жоба жүйесіне сәйкес Маңғыстау өңіріндегі емханалардың жұмысымен танысып, көмек көрсету сапасын қарауға келдік. Яғни, дәрігерлер осы жүйенің алғышарттарымен таныстыруға бағытталды, - деді Төлебай Қосиябекұлы.
Т. Рахыпбеков Маңғыстау өңірінің медицина саласында біршама жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
- Аурухана, емханаларды аралап, дәрігерлермен кездестік. Көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен әлі де атқарылар жұмыстар көп. Денсаулық сақтау саласының қазіргі бағыты пациенттерге, диагноздарға арналған жүйені адамға арналған етіп, тұлғаға айырбастау. Бұл дегеніміз - дені сау адамның денсаулығын сақтау, ал, созылмалы ауруы бар кісілердің ғұмырлы, сапалы өмір сүруін қадағалау. Мәселен, емханадағы бірінші 5 минут деген жобамыз бар. Ол емхана табалдырығын аттаған пациент алдымен қайда бару керек, не істеу керек деген сияқты жайттарды бақылауға алу. Соған сәйкес жүйелі жұмыстың үлгісі көрінеді. Қазіргі таңда жасалып, жұмысы нәтижелі жүріп жатқан 15 жобамыз бар, - деді профессор Төлебай Қосиябекұлы.