Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 78 жастағы Қымбат әже ата дәстүрді жалғап, көненің көзін дәріптеп, киіз басып, киіз үй тігеді. Бүгінде ақжаулықты ананың 9 ұлы мен 9 келіні, олардан тараған немере, шөберелері бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Сексенге жақындаған Қымбат Далбаева 7 жасынан бастап киіз басып үйренген. Келін болып түскеннен бастап жасы ұлыдан үлгі-өнеге жиып, ата дәстүрді жалғауды мұрат етті. Бүгінде үй айналасындағы үлкенді-кішілі той-томалақ, мереке-думан қолы икемді ісмер ананың киіз үйінсіз өтпейді. Көргені мен көңілге түйгені мол Қымбат әже келіндеріне әулеттің өнегесін өсиеттеуден жалыққан емес. Қазіргі таңда ұлттық өнерді үйренуге қызығушылығы бар жандарды қолөнердің қыр-сырына баулып жүр.
«Кішкентай кезімнен бастап әжемнен көргенімді қайталап, қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын дүниелерді жасауды үйрендім. Келін болып түскеннен кейін де енем бар білгенін айтып, үйретті. Міне содан бері, Наурыз айы келгенде киіз үйі тігеміз. Оған балаларым, немерелерім көмектеседі. Күні кеше Амал мерекесіне орай Отпан тау кешенінде киіз үйіміз тігілді. Туған-туысқан, дос-жарандарға киіз пішуді, оны қалай тігуді үйретіп жатамын. Білгеніммен бөлісуден шаршамаймын», - деді Қымбат Далбаева.
Қымбат әженің сегізінші келіні, 5 баланың анасы Айнұр Бекбаеваның әулеттегі ауызбірлік пен береке ене тәлім-тәрбиесінің арқасы екенін айтады.
«Енем ортаға сыйлы адам. 9 келіннің басын біріктіріп, бөліп-жармай, білмегенімізді үйретіп, үйіміздің ұйытқысы болып отыр. Енемнің бізге берген тәрбиесі, бізге берген өсиеті біз үшін заңдылық. Бұл әулетке келін болып түскенде о бастан енем киіз үй жабдықтарын жасау, текемет басу, бау, алаша тоқумен айналысып келеді. Қыз кезімнен жүн сабау, киіз басуды білсем де, ары қарай толыққанда енемнен үйрендім», - деді Айнұр Бекбаева.