Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 814 Жарлығына сәйкес жаңа редакцияда жазылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс. Кодексте белгіленген қызметтік әдеп стандарттары барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі - адал ниеттілік, адалдық әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделеді.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады:
-қарапайым болу, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;
-мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;
- азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау;
-іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу;
- қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау.
Әдеп кодексінің 12 тармағында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын бұзуы тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатыны айтылған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қарашадағы № 396 Жарлығымен Әдеп кодексінің 6-тармағы «қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну» туралы 10-ыншы тармақшамен толықтырылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша қазынашылық басқармасы қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.
Әдеп жөніндегі уәкіл туралы мәліметтер, оның ішінде тегі, аты-жөні, фотосуреті, кабинет және телефон нөмірлері басқарма ғимаратында баршаға көрінетіндей жерде орналастырылған.
Тұрмағанбет ТӨСЕЛБАЙ
Жаңаөзен қалалық қазынашылық
басқармасының басшысы