Маңғыстау күнделікті ұлттық киім киюді әдетке айналдырған өңір. Сондықтан да өңірдегі дизайнердің көбі қосетек көйлек пен кәжекейді, бешпент пен жаулықты ұлттық брендке шығарып үлгерді. Тіпті, отандық дизайнерлердің жұмысы тек ел ішінде ғана емес, шетелдіктерді де тәнті етіп жатыр. Осы орайда маңғыстаулық дизайнер Әсел Сағидың есімін ерекше атап өткен жөн.
Әсел Сағидың айтуынша, ұлттық киім тігуге маңғыстаулық тұрғындардың талғамы себеп болған. Брендтің ерекшелігі – көйлек жеңінің жиі желпеншігі мен кең, көпқатарлы етектің болуы. Ұлттық киімді заманауи үлгіде тігіп, қолданыс аясын кеңейтуі. Сондай-ақ ол өнімінің бір сәттік болғанын қаламайды. Барлық киіммен үйлесетін, образды толықтыра түсуге және сәнді көрінуге мүмкіндік беретін дизайн шығаратынын айтты. Соның нәтижесінде үлкен де, жас та ұлттық үлгідегі киім-кешекті алуға құштар.
Ерекше қолтаңбасы бар дизайнер Әсел Сағи Дубай, Грузия, Өзбекстан мен Түркия төрінде бірнеше рет сән көрсетілімге қатысқан.
«Қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген бешпент пен шапан, кәжекей, нәзік шифон, жібек матадан тігілген көйлектер шетел азаматтарын қызықтырмай қоймады. Моңғолия, Дубай тұрғындары сатып алып, өзінің жылы сөздерін айтып, тілектерін білдірді. Сол сәтте ұлттық киіміміздің сұлулығы мен ерекшелігіне өзім сүйсіндім. Біздің ұлттық киім бай әрі жинақы көрінеді», - деді Әсел Сағи.
Сондай-ақ облыста табиғи таза жүннен киім тігетін Жаннар Меңдіқұлованың туындылары да сұраныста. Себебі әртүрлі таңбаларды киіздің үстіне кестелеп, тігілген күртеше, бас киім, заманауи жадағайлар өте жеңіл әрі жылы болады. Өте күрделі қол жұмыстары да бар.
«Киімдердің дизайнын өзім ойластырамын. Дизайн жасау - шеберлік, біреудің дайын өнімін көшіруге қарсымын, матаның сәйкестігін, үйлесімін қарап, жасап шығарамын. Біздің жадағай, пальто, күртешелерге Америка, Норвегия, Ресей, Түркия елдерінен тапсырыс береді. Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Қызылорда сияқты қалалардан да тұтынушыларымыз көп. Ал маңғыстаулықтар ұлттық киімді өте жақсы бағалайды», - деді Жаннар Меңдіқұлова.
Тігінші алдағы уақытта қой мен түйе жүнін өңдейтін фабрика ашуды көздейді. Өңделген табиғи жүннен киіз, жамылғы, көрпе сияқты өнімдерді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.