Бүгін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің сервистік «Аntikor ortalygy» ғимараты ашылды. Орталық елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жұмысын бастаған.
Халық үніне құлақ асатын мемлекет
Салтанатты шараға облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Жылқыбаев, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары, арнайы мониторингтік топ және қоғамдық кеңес мүшелері, «Маңғыстау – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының облыстағы филиал мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынның ашылуында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов ел президенті тапсырмаларының өңірде орындалу барысын баяндап, жаңа құрылған орталықтың маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», яғни халықпен күнделікті ашық, бірлесе қызмет жасау тұжырымдамасын міндеттеді. Осы орайда мемлекеттік мекемелер құқық қорғау саласында қызмет ететін органдармен біріге жұмыс істеп жатыр. Былтырдан бастап өңіріміздегі барлық деңгейдегі әкімдіктерде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Жұмыс көлемі ауқымды, біршама қызметтер атқарылуда. Басқарма басшылары өз қызметтерін ашық түрде көрсетіп, халықтың талап тілегін назарға алып отыр. Екіншіден, біз «Ашық әкімдік» жобасының фронт-офис, негізгі кеңселерін аштық. Бұл кеңселерде халықты алаңдатқан мәселелерге, оның ішінде тұрғын үй, жер мәселелеріне, коммуналдық қызмет сұрақтарына қатысты біздің жауапты қызметкерлеріміз уақтылы көмек көрсетіп жатыр», - деді әкім.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында ашылған Антикор орталығының мақсаты – халыққа адал әрі ашық қызмет ету. Мемлекеттік салада қызмет істейтін барлық азаматтардың бірігіп, халықтың билікке деген сенімін арттыру мақсатында ашылған орталық деп есептеймін. Орталық жұмысына сәттілік тілеймін. Әрдайым ортақ жұмыстың сапалы, тиімді жүзеге асуы үшін бірлесе қызмет ететін боламыз. Баршаңызды ел игілігі, мемлекет мүддесі жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырамын», - деді С.Трұмов.
Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов сервистік орталықтың ашылу мақсаты мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту екенін атап өтті.
«Біріншіден, облыс әкімі Серікбай Трұмовқа және облыс әкімшілігіне өз ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңызбен «Аntikor ortalygy» кеңсесін ашқалы отырмыз. Бұл – мемлекетке, қоғамға қызмет ететін азаматтар бірлесіп жұмыс жүргізетін орталық. «Antikor ortalygy» – мемлекеттік органдардың азаматтарға ашықтығын, қолжетімділігін арттыруға бағытталған қадамның бірі. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес, соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейінің жылдан жылға азайғаны байқалады. Бұл жемқорлықтың алдын алу шараларының арқасында жүзеге асып жатыр. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, біз жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресуіміз қажет. Халыққа құқықтық жағынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында кеңес беретін арнайы мониторингтік топ бар. Ауыз толтырып айтатын жетістіктер бар. Қазіргі таңда елімізде ашықтық, транспаренттік, халық алдында есеп беру қағидаттары толықтай жұмыс істеп жатыр деп сеніммен айта аламыз. Өткен жылы Мемлекет басшысының жарлығымен елімізде арнайы құқық қорғау органы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Агенттік – озық халықаралық тәжірибеге сай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында жұмыс істейтін дербес құқық қорғау органы. Ол тек қана Мемлекет басшысына тікелей бағынады. БҰҰ-ның конвенциясында атап көрсетілгендей, біз осы моделді қолданып жүрміз», - деді ол.
«Біздің агенттік негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Біріншісі – превенция, яғни сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Екіншісі – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, парасаттылық идеологиясын қалыптастыру. Үшіншісі – қылмыстық қудалау. Осы бағыттар бойынша белсенді жұмыс жасайтын болсақ, оң нәтижеге жетеміз деп ойлаймыз. Бұның барлығы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып жүзеге асырылады. Елімізде 2018 жылы елордадан бастау алған «Адалдық алаңы» жобасынан кейін Елбасымыздың тапсырмасымен барлық өңірлерде жобалық офистер ашылып, кешенді жұмыстар жасалып жатыр. Жобаның басты мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою. Бұл бағытта да айтарлықтай жетістік бар. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 81%-ы электронды форматқа көшті, енді 19%-ды да тездетіп электронды форматқа көшіруіміз керек. Мемлекеттік қызметтің барлығы электронды форматқа көшкен кезде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жойдық деп айта аламыз. Биыл еліміздің барлық өңірлерінде «Аntikor ortalygy» кеңсесін ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Олжас Бектенов.
Жемқорлықпен күрес – әр азаматтың міндеті
«Маңғыстау – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Дайрабай Үсіпбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін айта келе, бұл келеңсіздік еліміздің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, экономикалық-әлеуметтік дамуына нұқсан келтіретінін атап өтті.
«Жемқорлық әрекеттерінің халықтың заң мен әділеттілікке, билікке деген сеніміне кері әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда «бармақ басты, көз қысты» құйтырқы әрекеттерден арыла алмай отырғанымыз да рас. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының жемқорлықты өз күштерімен жоя алмасы да анық. Бұл дертпен қоғам боп күресуіміз қажет. Елімізде халықаралық және отандық тәжірибеге сүйене отырып, тәрбиелік мәні бар шаралар мен жұмыстар жүргізіліп отыр. Соның бірі – «Адалдық алаңы» жобасы. Бұл жоба 2018 жылғы 5 қазандағы Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату жөніндегі тапсырмасына орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған болатын. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында жемқорлықпен күрестің 7 бағытын анық айқындап берді. Осы тапсырмалар негізінде барлық өңірлерде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылып, нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жобаның негізгі 3 бағытына тоқталайын. Біріншісі, сыбайлас жемқорлық деңгейін, соның ішінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Екіншіден, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қабілетін қалыптастыру. Үшіншіден, азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайту, яғни ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда «Адалдық алаңы» осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып келеді. Мысалы, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар мен инженеринг университетінде магистратураға үміткерлерді қабылдау кезінде арнайы мониторингтік топ мүшелерімен тестілеу барысын бақылаған болатынбыз. Тестілеу барысында бірқатар заңсыздықты анықтап, оның алдын алуға ықпал еттік. Ал «Адал жол» жобасы бойынша темір жол көліктеріне мониторинг жүргізіп, 79 іс-шараға қатысып, 135 билетсіз жолаушылар мен 1,5 тн рәсімделмеген жүк тасымалдау фактісін анықтадық. Осы кемшіліктер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Жобалық кеңсенің басты бағыттарының бірі – ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету бағытында ашық бюджеттердің интерактивтік картасына өз бюджетін енгізуге тиісті 620 мекемеге, мемлекеттік мекемелердің ресми сайттарына мониторинг жүргізіп, қорытындысын облыс әкімінің қатысуымен өткен аппарат жиынында күн тәртібіне шығардық. Осы сынымыздан кейін аталған кемшіліктерді жою үшін шешім қабылданып, аталған іске жауапты мамандарға тәртіптік шара қолданды. Жалпы біздің жұмысымыз – қоғаммен кері байланысты орнатумен бағаланады. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен өтетін «Адалдық алаңы» жобасы ұйымдастырған қабылдаулар, тікелей эфирде өтетін сұхбаттар, әлеуметтік желілердегі тікелей эфир сұхбаттары, аудан, қала басшыларының кабинеттерін бірінші қабатқа көшіру, «open space» форматына көшіру тұрғындармен етене жұмыс істеуге оң әсерін тигізіп отыр. Алдағы уақытта да билік пен халық арасында алтын көпір орнатып, өзімізге міндеттелген тапсырманың үдесінен шығамыз деп сенеміз», - деді ол.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының облыстық филиал мүшесі Марат Сибасов сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қарсы қоғам болып бірігіп күресу қажеттігін, жемқорлық індетінің алдын алып, жолын кесу әр азаматтың міндетіне айналуы тиістігін тілге тиек етті.
«Бұқара халыққа құқықтық кеңес беретін Аntikor орталығының ашылуы еліміз үшін, өңіріміз үшін қайырлы, нәтижелі болсын деген тілек білдіреміз. Сыбайлас жемқорлық туралы күнделікті ақпарат құралдарынан естіп жүрміз, Елбасының, Президентіміздің тарапынан да аз айтылып жатқан жоқ. Жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығынан хабардармыз. Аntikor орталығының жұмыстарын, қызметтерін бұқара халыққа насихаттау, түсіндіру бағытында республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылған еді. Жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздегі әрбір азаматтың парызы және міндеті. Штаб бұл бағытта халыққа жақсы үгіт-насихат жүргізеді деп есептейміз. Өйткені штабтың құрамында осы өлкеге белгілі, танымал азаматтар бар. Олардың әрқайсысы әр салада жасаса да штабтың алға қойған мақсаты – ортақ. Бәріміз жұмылып, нәтижелі жұмыс істейміз деген ниеттеміз. Өйткені, бұл – біздің міндетіміз. Өз дәуірінде қуатты мемлекет, күшті империя саналған Осман империясының сұлтаны Явуз Селим деген патша өзінің ақылшысынан: «Менің мемлекетім қашан әлсіреп, құлдырайды?» деп сұраған екен. Сонда әлгі данышпан: «Сенің ұрпақтарың қашан менің шаруам жоқ деп айтады, сол кезде сенің мемлекетің құлайды», - деп жауап берген екен. Сұлтан мұның мәнісін сұраған кезде, данышпан: «Ертеңгі күні елдік, ұлттық мәселелерде қашан елдің адамдары «ол менің шаруам емес» деп айтады, сол кезде мемлекетіңнен айырыласың, империяң тұралайды», - депті. Сол себептен біздің әр салада жүрген азаматтар, жалпы халық осы мәселемен бар ынта-шынтасымен күресуі керек. Біздің халыққа айтатын насихатымыз тек тілдің ұшымен ғана емес, жүректің түбінен шығатын жақсы, шынайы ниетімізбен айтылған сөз болуы тиіс. Жүректен шыққан сөз, әрине, жүрекке жетеді. Қазақ көгіне күндей жарқырап шығып, құйрықты жұлдыздай өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Күн болмағанда кім болам», - деп жырлады. Ол кісі «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламыз» деген жоқ, «мен боламын» деді. Сол айтқандай әр азамат осы қазақ үшін мен қызмет жасаймын деп ойлайтын болса біз жақсы ел боламыз. Осы бастамалардың барлығы нәтижелі болғай», - деді Марат Сибасов.
Сонымен қатар жиын барысында сервистік орталықтың ғимараты, арнайы консультациялы-кеңес беру бөлмелері, Арнайы мониторингтік тобының бөлмелері және баспасөз орталығы көпшілікке таныстырылды. Орталықтың бірінші қабатында Арнайы мониторингтік тобының және келушілерді қабылдайтын арнайы кабинеттер орналасқан. Сондай-ақ азаматтарға қолайлы болу үшін балаларға арналған ойын алаңы, бейнероликтер көрсетілетін арнайы LED экрандармен жабдықталған. Ал ғимараттың екінші қабатында арнайы баспасөз орталығы бар.
Жиын соңында Агенттік Төрағасының бұйрығымен облысымыздағы бірқатар қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жолында қосқан елеулі үлестері мен көмегі үшін грамоталармен марапатталды.
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді түсірген Сәби Майемеров