Облыста 242 жанұя «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында пәтер алған. Биыл 300 отбасыға баспана беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысында 21 114 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
«Биыл тұрғын үй сертификаты үшін 300,0 млн теңге қарастырылды, оған 300 пәтер алуды жоспарлап отырмыз. Көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар және толық емес отбасы категориялары бойынша құжаттар қабылданып жатыр. Ақтау қаласының өзінде 10 730 азамат «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұр», - дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов.
Айтуынша, Жаңаөзен қаласында - 4 523 тұрғын, Түпқараған ауданы бойынша 805 азамат, 216 отбасы Мұнайлы ауданы бойынша үй кезегінде тұр. Сондай-ақ 616 жанұя - Бейнеуде, Мұнайлыда 3 083 отбасы және Қарақия ауданында 1 141 отбасы өз кезегін күтіп отыр.
Осы орайда бағдарлама аясында баспаналы болған отбасыға барып, қазіргі жағдайын бақылап қайтқан болатынбыз.
Әуелі Мұнайлы ауданының тұрғыны Толқынай Баймановамен тілдестік. Ол - 6 баланың анасы, 9 жыл бойы балаларымен бірге үш бөлмелі сарайда тұрған.
«2015 жылдан бастап тұрғын үй кезегіне тұрдым. «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы естігеннен соң аудандық әкімдіктен көмек сұрап, ақпараттармен таныстым. Мен үшін 10 пайыздық алғашқы жарна, 2 % үстемақымен 20 жылға дейін баспана несиесін рәсімдеу тиімді болды. Армандаған үйіме қол жеткізу үшін отбасыммен бірге еңбек еттік. Алғашқы жарнасын төлегеннен кейін біздің құжаттарымыз мақұлданды. Осылайша 9 жыл бойы күткен тұрғын үйдің кілті қолымызға тиді», - деді Толқынай Байманова.
«Бақытты отбасы» арқылы бақытқа бөленгендер Маңғыстау облысы және Мұнайлы ауданы әкімдігіне алғысын айтты.
Содан кейін Ақтаудағы 22 шағынауданнан пәтер алған 4 баласы бар жалғызбасты ана Манар Тілепованың шаңырағына бардық.
«Жаңа пәтерге келмес бұрын 22 шағынаудандағы 9-үйді жалдап тұрған едік. Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үш бөлмелі баспанаға қоныстандық. Жайлы әрі жылы үйіміздің болғанына қуаныштымын», - деді ол.
Біз барған екі отбасының балалары да қуаныштан жүзі жадыраған. Өзгенің емес өз үйінде емін-еркін жүргеніне шын бақытты екендігін аңғардық.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН