Соңғы жылдары Орталық Азияның Еуразия Қоры «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік байқауын ұйымдастырып жүр.
ОАЕҚ 2005 жылы құрылған қоғамдық ұйым. Қор ұлттық және өңірлік деңгейлерде азаматтарға қоғамдық мәселелердің тиімді шешімдерін табу және ілгерлетуге көмектесе отырып, қоғамдық және жеке ресурстарды жұмылдырады. ОАЕҚ Еуразия Қорының қызметін жергілікті институт ретінде жалғастырып жатыр. Ал Еуразия Қоры 1993 жылдан бері Орталық Азияға 40 миллион доллардан аса қаражат инвестициялаған жеке коммерциялық емес ұйым. Қордың биылғы байқауының да нәтижесі жақсы. Маңғыстауда бұл байқау екінші рет өтіп, жеңімпаздар анықталды.
Ақтаудағы «Ренессанс» қонақүйінде жобаның қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттауға арналған салтанатты шара болды. Онда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жансая Исмағұлова сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты және осындай әлеуметтік жобаларға әрдайым қолдау болатынын жеткізді. «Теңізшевройл» ЖШС үкімет және жұртшылықпен байланыс бойынша бас менеджері Рзабек Артығалиев оза шапқан жаңа әлеуметтік кәсіпкерлерді құттықтап, игі тілегін білдірді.
«Жарқыра» бағдарламасының биылғы жалпы грант қоры 17 300 000 теңге болды, - деді ол.
«ТШО» «Жарқыра» бағдарламасының Маңғыстау облысындағы бірінші жылдағы жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, бағдарламаны жалғастырды. Жобаның географиялық шекарасы да кеңейіп, байқауға Құрық ауылының тұрғындары қатысуға мүмкіндік алды. 2019 жылы сарапшылар комитеті Маңғыстау облысында 7 жобаны таңдап, олардың 6-ы халықтың игілігі үшін белсенді жұмыс жасап, несие қайтаруды бастады. Бүгінгі күнге қайтарылған қаржы 1,8 миллион теңгеге жетті және бұл 2020 жылғы «Жарқыра» байқауының жеңімпаздарына өте жақсы үлгі боларлықтай. Осы байқауға 83 өтінім түсті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 3 есе көп. Жартылай финалға 30 жоба өтті. Жартылай финалистерге арнап қор маркетинг, қаржылар, стратегиялық жоспарлау және көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары бойынша бизнес-тренингтер өткізді. Сонымен қатар, қатысушылар бизнес-жоспар жазуда кеңес берушілердің көмегін алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 4-5 ақпанда байқаудың 21 жартылай финалисі сарапшылар комитеті алдында әлеуметтік жобаларын қорғады. Байқаудың нәтижесінде 6 жоба үздік шығып, 2 жобаға грант және 4 жобаға бес жылдық пайызсыз несие түріндегі қаржылай қолдау берілді.
Жеңіске жеткен жобалардың тақырыптары өте маңызды әлеуметтік аспектілерді қамтыды. Ақтау қаласындағы екі жоба қажеттіліктері ерекше балаларға арналған. Бұл жобалар осындай балалардың аналарының бастамасымен жасалып отыр. Мадина Махутова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті бала бақша, ал Гүлбаршын Қарабалина ерекше балаларға арналған оңалту орталығын ашады. Нұрлан Жалғасбаев балалардың болашақ өмірдегі қабілеттерін дамытуға бағытталған инновациялық жобасымен жеңімпаз атанса, Салтанат Бралинаның азаматтар мен кәсіпорындардан қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге бағытталған экологиялық жобасы, Нұргүл Сағындықованың балалардың көздерін емдеу және көз ауруларын алдын алуға бағытталған жобасы, Ғани Исентеміровтың параспортшыларды дайындауға және спортка баулуға бағытталған жобасы үздік шыққан. Сондай-ақ осы жылғы байқауда Қарақия ауданының орталығы Құрық аулының тұрғыны Азамат Күреғұлов қолөнерді дамыту мен аудандағы балаларды оқытуға арналған жобасымен жеңіске жетті.
Біздің компания "Жарқыра" бағдарламасының финалисі атанды. Біз үшін осы бағдарламадағы ең маңыздысы–жобамызды жүзеге асыруда әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, білім алу. Өз ісіне берілген, адал адамдардың ортасында жүрсең, өз бизнесіңе де жаңа импульс табуға болады. Адамдардың әлемді өзгертуге деген талпынысын қолдайтын осындай бағдарламаны жүзеге асырып жүрген азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз,-деді экология саласындағы жобаның жетекшісі Салтанат Бралина.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шараға облыс әкімдігінің әлеуметтік бөлімдер басқармаларының, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының, «Даму» АҚ, Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсының және үкіметтік емес ұйымдардың, «Теңізшевройл» ЖШС және ОАЕҚ өкілдері қатысып, құтты болсын айтты.
Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді жаңашыл жолмен шешуге бағытталған әлеуметтік миссиясы бар бизнес. Оны әр түрлі елдердің азаматтары өз бетімен қоғамдағы өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін табысты қолданып келе жатыр. Ал әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау - бұл әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекетке көмектесіп, ақылмен жасалған қайырымдылық деуге болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА